
Облыстық ТЖ департаментінің басшысы Рустамбек Амрин «Қазгидромет» филиалының көпжылдық гидрологиялық бақылаулары, жауын-шашын көлемі және топырақтың қату тереңдігі туралы деректеріне сәйкес өңір аумағы тәуекел санаттарына бөлінгенін баяндады. Жоғары тәуекел аймағына Баянауыл, Ертіс, Железин, Ақтоғай және Тереңкөл аудандары жатқызылды. Орташа тәуекел деңгейінде - Ақсу қаласы мен ауылдық аймағы, Май, Шарбақты және Аққулы аудандары. Төмен тәуекел санатына - Успен және Павлодар аудандары енді.
Жедел әрекет ету үшін 1 871 адам, 769 бірлік инженерлік және арнайы техника, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа жұмылдырылған топ құрылды. Күштер мен құралдардың дайындығы «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында тексерілді.
Асайын Байханов ықтимал су басу қаупі жоғары аудан әкімдерінің есептерін тыңдады.
Ақтоғай ауданында 31 ауылдың ішінен 4 ауыл ықтимал су басу аймағында орналасқан: Шұға, Шілікті, Жалаулы және Шолақсор. Шолақсор ауылындағы қауіп Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан су жіберілуіне байланысты болып отыр. Ауылда ұзындығы 8,3 км, биіктігі 2 метрге дейін жететін қорғаныс үйіндісі жасалды. Арықтар мен бөгет бойынша жұмыстар жүргізіліп, өнімділігі 110 л/с сорғы станциясын орнату жоспарлануда.
Жалаулы ауылында қазан-шұңқырлар, су бұру арықтары және қорғаныс үйіндісі нығайтылды. Қыс басталғалы 2,9 мың тонна қар шығарылды, 32 бірлік техника және 21 мотопомпа дайындалды.
Баянауыл ауданында су басу қаупі бар деген 17 елді мекен анықталды. Аудан әкімдігінің резервінде 8,2 мың литр дизель отыны, 7,1 мың литр АИ-92 бензині, 3 мың тонна инертті материал және 15 мың қап бар. Елді мекендердің аумағынан 22,9 мың тонна қар шығарылды. 26-27 ақпан күндері Қарағанды облысындағы Ащысу өзенінің арнасы мен Ақжар су қоймасына мониторинг жүргізілді.
Облыс әкімі Асайын Байханов штабтардың тәулік бойы жұмыс істеуін және су тасқыны жағдайының барлық өзгерістері туралы облыстық жедел штабты жедел хабардар етуді қамтамасыз етуді, су басу қаупі жоғары елді мекендерге жауапты лауазымды тұлғаларды айқындауды, 15 наурызға дейін сорғы жабдықтарын дайындау мен су өткізу құбырларын ашу жұмыстарын аяқтауды, қажет болған жағдайда аудандар арасында техника мен материалдық резервтерді жедел қайта бөлуді тапсырды.
Мерекелік іс-шараларға дайындық туралы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының, сондай-ақ мәдениет басқармасының басшылары баяндады.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс орталығында «Бар сұлулық - әйелде» атты салтанатты шара өтеді. Сондай-ақ өңірдің барлық елді мекендерінде концерттер, тақырыптық кездесулер, көрмелер, әлеуметтік акциялар, арт-кештер және басқа да іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.
2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған байланысты 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі Digital Nauryz форматында ұйымдастырылады. Gov.kz платформасында «Digital Nauryz» парақшасы ашылып, eGovMobile мобильді қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберу жоспарлануда. Өңірде 2 000 астам іс-шара, оның ішінде Nauryz Day - Nauryz Sale акциялары өткізіледі.
22 наурыз күні Павлодар қаласының шағын аудандарында 35 киіз үй, Екібастұзда - 25, Ақсуда - 20 киіз үй тігіледі. Орталық алаңда әрқайсысы 4 киіз үйден тұратын 6 тақырыптық ауыл және 2026 жылғы мерейтой иелеріне, тарихи мұраға, жасанды интеллект пен цифрландыруға, ұлттық ойындарға, балалар шығармашылығына, робототехникаға және заманауи мәдени бастамаларға арналған 10 көрме киіз үй ашылады. Концерттік бағдарламаға Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері, сондай-ақ шақырылған орындаушылар - Қайрат Нұртас, Еңлік және «Тұран» тобы қатысады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев