Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды

Ең алдымен өңір басшысы Железин ауылындағы №2 қазандықтың жұмысымен танысты. Аудан орталығы тұрғындарының шамамен 50% орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 8 км, ал жалпы жылытылатын аумақ 49,8 мың шаршы метрден асады. Алайда желілердің тозу деңгейі 60% асады.

Облыс әкімі сәуір айының соңына дейін жылу жүйесіне толық техникалық аудит жүргізіп, кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Одан кейін Асайын Байханов 2025 жылдың тамыз айында ішінара жөндеу жұмыстары аяқталған аудандық ауруханаға барды. Медициналық мекеменің басшысы Роман Пактың айтуынша, ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қабырға және еден плиталары төселген, еден жабыны ауыстырылған, өтпелі галерея мен кіреберіс топтардың шатырлары жөнделген, ғимараттың сыртқы іргетасы жаңартылған. Сонымен қатар 256 пластикалық терезе ретке келтіріліп, ғимараттың қасбеті жаңартылған.

Нысанды аралау барысында өңір басшысы кейбір жұмыс түрлерінің сапасына, атап айтқанда еден жабынының тегіс төселмеуіне назар аударып, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
- Жөндеу жұмыстарының көлемі шағын болса да, сапа стандарттарын сақтау маңызды, - деп атап өтті ол.

Жұмыс сапары аясында аудан активімен кездесу өтіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің айтуынша, Железин ауданы дәстүрлі түрде өңірде тұрақты көрсеткіштерге ие болғанымен, соңғы екі жылда бірқатар бағыттар бойынша даму қарқыны төмендеген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 11 негізгі әлеуметтік-экономикалық индикатордың сегізі бойынша аудан өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіштерін төмендеткен. Өңір басшысы оң динамиканы қалпына келтіру және базалық бағыттар бойынша жұмысты күшейту үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ аудан тұрғындарынан облыс әкімдігіне жылумен қамту, абаттандыру, жолдарды қардан тазарту, еңбек қатынастары мәселелері бойынша өтініштер түскені атап өтілді. Әрбір бағыт бойынша тиісті қызметтерге нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкіміне инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандыруды қоса алғанда, бірқатар басым міндеттер жүктелді.

- Бизнес өкілдерімен жұмысты жүйелі түрде жолға қойып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажет, - деді өңір басшысы.

Жол инфрақұрылымына да ерекше назар аударылды. Аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 298 км құрайды, оның 93,8%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар аудан орталығында әлі де асфальт жабыны жоқ 26 көше бар. Биыл Петропавловка және Мыңкөл ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуді аяқтау және көше жолдарының жағдайын жақсарту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Өзекті міндеттердің қатарында көші-қон мәселесі де көрсетілді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан халқының саны 325 адамға азайған. Өңір басшысы аумақтың өмір сүруге және бизнес жүргізуге тартымдылығын арттыру бойынша, соның ішінде өңірлік қоныс аудару бағдарламасын әзірлеу арқылы кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Жұмыс сапары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен аяқталды. Барлық көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев