Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен ауданына барып қайтты

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен ауданына барып қайтты

Успен ауылында заманауи жүзу бассейнінің ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындарын құттықтай отырып, Асайын Байханов бұл жобаның ерекше маңыздылығын атап өтті.

- Бұл - өңірдегі су ресурстары аз аудандардың бірі саналатын Успен ауданы тарихындағы маңызды кезең. Бассейн балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды жүзуге үйрету және денсаулығын нығайту үшін салынды. Мұндай оң өзгерістер елімізде қалыптасқан бейбітшілік, бірлік пен келісімнің, мемлекет басшысының сындарлы саясатының нәтижесінде жүзеге асып отыр, - деді өңір басшысы.

Жалпы аумағы 700 шаршы метрден астам және тереңдігі 1,4 метрден 2 метрге дейін жететін нысанның құрылысы 2025 жылдың сәуір айында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында басталған болатын. Сегіз айдың ішінде бассейн толығымен пайдалануға дайын болды.

Успен ауданында спорт саласы белсенді дамып келеді: бүгінде мұнда 50 спорт нысаны бар, оның ішінде 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорт манежі, 26 спорт залы, жасанды жабыны бар 17 шағын футбол алаңы және басқа да нысандар бар.

Успен ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спортшылармен және аудан тұрғындарымен болған кездесуде өңір басшысы алдағы республикалық референдум тақырыбын қозғады. Облыс әкімі Ата Заңның ең жоғары құндылығы - адам, оның құқықтары мен бостандықтары екенін еске салып, тұрғындарды азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

- Өз елін сүйетін және қадірлейтін, балаларының болашағын ойлайтын әрбір жанды еліміз үшін осындай маңызды мәселеде тыс қалмай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге шақырамын, - деді Асайын Байханов.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы 1999 жылдан бері сүт өңдеумен айналысатын, ірімшік (оның ішінде неміс және адыгей ірімшіктері), сүт өнімдері мен шұжық өнімдерін өндіретін «РЭГ Тайм» шаруа қожалығына барды.

Шаруашылық жетекшісі Эвальдт Руфф көпшілікті алаңдатқан мәселе - шикізат құнының жоғары болуы мен шағын өңдеу цехтарын субсидиялаудың тиімді тетіктерінің жоқтығы туралы айтты. Жекелеген жеткізушілерден сүтті қымбат бағада сатып алғандықтан жергілікті табиғи өнімдер көбіне сапасы төмен әрі бағасы арзан импорттық өнімдермен бәсекеге түсе алмай отыр.

Асайын Байханов бейінді басқармаға бұл мәселені жан-жақты пысықтап, мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

- Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу - өңір экономикасын әртараптандырудың стратегиялық бағыты. Өңдеушілер үшін басты мәселе - шикізат базасының өзіндік құны, бағасы және сапасы. Бұл міндетті жүйелі түрде, оның ішінде мал шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы шешетін боламыз, - деп атап өтті өңір басшысы.

Осындай жобалардың бірі - «БИК» шаруа қожалығының 500 басқа арналған, құны 3,5 млрд теңге болатын сүт-тауар фермасының құрылысы. Жобаны іске асыру өңдеу кәсіпорындарын қажетті көлемде сапалы сүтпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Негізгі нысандардың құрылысы аяқталып, инженерлік желілер тартылды, қазандық пен трансформаторлық қосалқы станция орнатылды.

2026 жылы ауданда басқа да ірі бастамалар қолға алынады: «AgroPVL» ЖШС 500 га жерді суармалы алқапқа айналдырып және алдағы уақытта 1000 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отырса, «Галицкое» ЖШС құны 1,4 млрд теңгеге 7,5 мың тоннаға арналған картоп-көкөніс сақтау қоймасын және құны 2,2 млрд теңгеге 452 га суармалы алқап жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Асайын Байханов жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру Успен ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев