Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар инвестициялық нысандарды аралап, «Novotel» қонақ үйінің құрылыс барысымен танысты, сондай-ақ облыс орталығының орталық өнеркәсіп аймағындағы кәсіпорындарда болды

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар инвестициялық нысандарды аралап, «Novotel» қонақ үйінің құрылыс барысымен танысты, сондай-ақ облыс орталығының орталық өнеркәсіп аймағындағы кәсіпорындарда болды

Өңір басшысы туризм және іскерлік инфрақұрылым саласындағы ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан Novotel Pavlodar қонақ үйінің құрылыс алаңын көріп қайтты.

Француздық Novotel брендіне тиесілі 10 қабатты қонақ үйдің ашылуы 2027 жылға жоспарланған. Құны 7 млрд теңгені құрайтын жоба 120 заманауи бөлмені, SPA-аймақты, фитнес-орталықты және Accor Group желісінің жоғары стандарттарына сай келетін конференц-залдарды қамтиды.

Қазіргі уақытта нысанда нөлдік қабатты тұрғызу жұмыстары аяқталып, ғимарат қаңқасының құрылысы басталды. Мердігер ұйымның мәліметінше, қаңқа құрылысының жұмыстары осы жылдың маусым айында аяқталады. Ал қонақ үйдің құрылысы толықтай 2027 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

- Бұл - өте маңызды жоба. Өңірде мұндай жоғары деңгейдегі нысан алғаш рет салынуда және ол Павлодар өңірінің туристік тартымдылығын едәуір арттыратын болады. Жобаның сәтті жүзеге асуын күтеміз, - деп атап өтті өңір басшысы.

Одан кейін Асайын Байханов Павлодардың өнеркәсіп аймағына барып, пикап базасындағы арнайы автокөліктерге арналған қондырмалар өндіру және жабдықтаумен айналысатын DQB Group компаниясының қызметімен танысты.

Кәсіпорын командалық-штабтық көліктер, жедел әрекет ету автокөліктерін, жедел-қызметтік автокөліктерін және басқа да арнайы техникалар шығарады.

Компаниялар тобының бас директорының айтуынша, кәсіпорынның даму стратегиясы аясында 2022 жылы Павлодар қаласынан өндірістік база сатып алынған. 2023-2024 жылдары жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өндірістік жабдықтар сатып алынған.

Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгеге пикап базасында арнайы автокөліктер өндірісі (жылына 100 бірлік), багги шығару (жылына 50 бірлік) іске қосылды. 2026 жылдың II тоқсанында оптикалық-электрондық өнімдер (жылына 1000 бірлік), сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын (жылына 800 бірлікке дейін) шығару өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асады.
Асайын Байханов көлік жасау кластерін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық қамту үлесін арттыру, өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін баса айтты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы салалық басқармаларға инвестициялық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуді және өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев