
Ғасыр жасаған майдангерді мерейтойымен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады. Өңір басшысы ардагерге майдан даласындағы ерлігі мен соғыстан кейінгі көпжылдық адал еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, мықты денсаулық, сергек көңіл-күй, жан жылуы мен амандық тіледі.
- Жүз жылдық мерейтой - шын мәнінде айтулы күн. Сіздің тағдырыңызда еліміздің тарихы, соғыс жылдарының ауыр сынақтарынан өткен, болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмірді қорғап қалған және елдің еңсесін көтеру жылдарында аянбай еңбек еткен тұтас бір буынның тағдыры көрініс тапқан. Сіз біздерге ерліктің, төзімділіктің және Отанға деген шексіз адалдықтың үлгісісіз, - деп атап өтті облыс әкімі.
Соғыс басталғанда Василий Иванович небәрі 17 жаста еді. Сол бозбала шағында Отан қорғауға майданға аттанды. 1943 жылы жас жауынгерлер мектебін тәмамдап, 293-дивизияның 1034-атқыштар полкі құрамында Забайкалье әскери округіне жіберілді. Қатардағы жауынгерден бөлімше командиріне дейінгі майдан жолын абыроймен жүріп өтіп, жауапкершілік, төзімділік және нағыз жауынгерлік мінез көрсете білді.
Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Василий Иванович ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ мерейтойлық наградалармен марапатталған. Оның жауынгерлік еңбегі - жеке өмірбаяны ғана емес, тарихтың бір бөлігі.
1951 жылы Василий Иванович Павлодарға келіп, тағдырын осы қаламен біржола байланыстырды. Жарты ғасырдан астам уақытын локомотив депосындағы еңбекке арнады: жүк және жолаушылар пойыздарын жүргізіп, темір жолдың сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Оның еңбегі жоғары жауапкершілікпен, кәсібилікпен және таңдаған ісіне деген адалдықпен ерекшеленді.
Дәл осы жерде Аграфена Осиповнамен отбасын құрып, екі бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагер немерелері мен шөберелерінің жетістіктеріне қуанып, оларға өмірлік ұстанымдарын, Отанға деген сүйіспеншілігін және еңбекке құрметін аманат етіп келеді.
Жеңімпаздар буыны - соғыстың ауыртпалығын көтеріп, елдің іргесін қайта бекемдеген және біздерге ең басты құндылықтарды: бейбітшілікті қастерлеуді және өмірді бағалауды үйреткен қайсар рухты жандар.
Осынау айтулы күні Василий Иванович Григорашқа шынайы ризашылығымыз бен құрметімізді білдіреміз. Ардагерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жақындарының қамқорлығы мен қуанышты күндер тілейміз.
Жеңіс үшін рахмет!
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев