Облыс әкімдігінде жылу беру маусымының аралық қорытындысы шығарылып, 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде жылу беру маусымының аралық қорытындысы шығарылып, 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды

Өңір басшысы жылу беру маусымының аяқталуына аз ғана уақыт қалғанын атап өтті.

- Аралық қорытындыны объективті түрде шығарып қана қоймай, алдағы жөндеу науқанының көлемі мен басым бағыттарын алдын ала айқындап алу маңызды, - деді облыс әкімі.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде жылу беру маусымы дәстүрлі түрде қыркүйек айының жиырмасына қарай басталады. Алайда, Павлодар облысында жылу беру маусымы 10 күн бұрын ерте басталды және бұл жылумен жабдықтау жүйесін уақытылы реттеп алуға мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, маусым штаттық режимде өтуде. Электр қуатының жүктемесі белгіленген параметрлерге сәйкес келеді, барлық энергия көздерінде температуралық кесте сақталуда. Қазіргі уақытта 16 энергетикалық блок, 22 қазандық және 14 турбина жұмыс істеп тұр, 11 қазандық пен 2 турбина резервте тұр. Күзгі-қысқы кезеңге негізгі жабдықтың 46 бірлігі дайындалды.

Сонымен қатар, Асайын Байханов «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-ның бас директоры Дүйсен Мерғалиевтің назарын ЖЭО-1 және РОК-2 жұмысына қатысты мәселелерге аударды. ЖЭО-1 орталығында өткен жылу беру кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны екі есеге артқан. Бұзушылықтардың басым бөлігі жекелеген қазандық агрегаттарында тіркелген, ал кейбір жабдықтар белгіленген мерзімде күрделі жөндеуден өтпеген. Меншік иесі тарапынан жөндеу науқанының жүйелі түрде жеткіліксіз қаржыландырылуы станцияның тозу деңгейінің жоғарылауына әкелді. Қараша-қаңтар айларында, сондай-ақ ақпанда №2 турбинаның жұмысындағы ақаулар соның айқын дәлелі. Сол кезде станция бір тәулік бойы резервсіз жұмыс істеп, қаланың оңтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз етуге қауіп төндірді.

Осындай тәуекелдер Ақсу қаласындағы РОК-2 станциясында да байқалды. Желтоқсан айында штаттан тыс болған жағдай қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың дұрыс жұмыс істемеуіне әкелді. Станция жұмысы жедел түрде қалпына келтірілді. Барлық технологиялық бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдар тексеріс жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар берді.

Биыл облыстың энергия көздерінде негізгі жабдықтың 41 бірлігін жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 9 энергетикалық блок, 24 қазандық, 6 турбина және 2 түтін мұржасы бар. Өңір басшысы мұндай технологиялық бұзушылықтардың қайталануына жол берілмейтінін атап өтіп, барлық меншік иелерінен қосымша қаржыландыруды қарастыруды және бекітілген жөндеу кестелерін қатаң сақтауды талап етті.

Электрмен жабдықтау саласында оң динамика байқалады: ағымдағы жылу беру кезеңінде апаттық өшірулер саны 2,5 есеге азайды. Өңірде «ПРЭК» АҚ инвестициялық тарифі мен бюджет қаражаты есебінен паритеттік қаржыландыру арқылы электр желілерін жаңғырту бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Биыл құны 5 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылады. Сонымен қатар ұлттық жоба аясында компания 3,2 млрд теңгеге 9 жоба әзірледі. Бұдан бөлек, 2393 км электр беру желілері мен 790 бірлік жабдыққа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.

Жылу желілерінде де жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы техникалық аудиттің ұсынымдарын ескере отырып, 37 км астам жылу желілері салынды және жөнделді. Павлодарда ЖМ-20А жаңа магистралінің құрылысы аяқталды. Бұл шамамен 600 көпқабатты тұрғын үй мен 125 мыңнан астам абонентті тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Екібастұзда бұрын бірнеше рет ақаулар тіркелген жылу магистралдарының учаскелері қайта жаңғыртылды. Ағымдағы жылу беру маусымы басталғалы бері ол жерлерде ақаулар тіркелген жоқ. Май ауданындағы Көктөбе ауылында жылу желісін қайта жаңғырту нәтижесінде жерасты желілерінің тозуына байланысты туындаған тұрақты шағымдардың себептері жойылды.

2026 жылға арналған жоспарларға да ерекше назар аударылды. Павлодарда коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртудың келесі кезеңі ретінде квартал ішіндегі желілерді ауқымды реконструкциялау жұмыстары басталды. Екібастұзда ең тозығы жеткен төрт магистраль анықталды, ал Ақсуда екі тозығы жеткен учаскені кезең-кезеңімен қайта жаңғырту қарастырылған.

Сондай-ақ өңір басшысы Железин ауылындағы тұрғындардың жылудың жетіспеушілігі туралы шағымдарын, сондай-ақ Жетекші ауылы мен Атамекен кентіндегі электр желілеріндегі ақауларды қарастырды. Себептерді жою және жүйелі шаралар қабылдау бойынша тапсырмалар берілді.

Қорытындылай келе, облыс әкімі келесі жылу беру маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысын күшейтуді және жөндеу жұмыстарының кестесін қатаң сақтауды тапсырды.

- Тиісті жылу және электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге бақылау жалғасады және менің жеке бақылауымда болады, - деп атап өтті Асайын Байханов. Ол облыс тұрғындарының мүддесі үшін энергетикалық кешеннің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын басты басымдық ретінде айқындады.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев