Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленген 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселесі қаралды

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленген 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселесі қаралды

Бағдарлама 4 негізгі бағытты қамтиды: балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары.

2024 жылдан бастап өңірде Өңірлік психологиялық қолдау орталығы, «111» байланыс орталығы және 2808 сенім телефоны жұмыс істейді. Олардың қызметі буллинг, зорлық-зомбылық және өзге де дағдарыстық жағдайларды уақтылы анықтауға және алдын алуға бағытталған. «111» желісі арқылы 60 өтініш қаралды, ал 2808 сенім телефонына 141 өтініш келіп түсті. Әрбір өтініш салалық мамандарды тарта отырып қарастырылып, жедел әрекет етуге және балалар мен олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Оқу жылының басынан бастап облыстың барлық мектептерінде оқушылардың өзін-өзі қорғау, құқықтық сауаттылық және жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 2025 жылдан бастап өз-өзіне қол жұмсау тәуекелдерін, буллинг пен зорлық-зомбылықты анықтауға арналған HR+ автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Жоба өңірдегі 143 мектептегі 92,5 мың оқушыны қамтыды. Жүйені қолдану нәтижесінде педагог-психологтарға түсетін жүктеме айтарлықтай азайып, балалармен жеке жұмыс көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

Білім беру ортасын белсенді цифрландыру жағдайында бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтері енгізілуде. №48 жалпы орта білім беру мектебінде жүзеге асырылып жатқан «AI mektep» пилоттық жобасы оқушыларға жасалатын буллинг, әлімжеттік және өзге де қауіп-қатер белгілерін ерте анықтауға бағытталған.

2025 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған сегіз білім беру ұйымы 142,4 млн теңге сомасына автокөлікпен қамтамасыз етілді. Бұл тәрбиеленушілердің әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың білім беру, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тасымалдау қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
2026 жылы 125 млн теңгеге инклюзияны қолдауға бағытталған бес кабинет ашу жоспарлануда. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамту деңгейін ұлғайтып, барынша қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Тұжырымдамада баланың негізгі құқықтарының бірі - отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аударылған. Бала асырап алуға үміткерлер мен қамқоршылар міндетті түрде психологиялық тексерістен өтеді және одан кейін мамандардың сүйемелдеуінде болады. Бұл балаларды интернаттық мекемелерге қайтару жағдайларын азайтуға, ата-ана жауапкершілігін арттыруға және тұрақты отбасылық қатынастарды қалыптастыруға бағытталған.

Талқылауды қорытындылай келе, облыс әкімі Асайын Байханов тұжырымдаманы іске асыру формалды түрде емес, мазмұнды сипатта болуы тиіс екенін атап өтті.
- Біз үшін бағдарламаны жүзеге асыру ғана емес, балаларымыздың өмірін шын мәнінде жақсарту маңызды: олардың денсаулығын нығайту, сапалы біліммен және толыққанды әрі қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз ету. Бұл - біздің сөзсіз басымдығымыз және әрбір бала алдындағы жеке жауапкершілігіміз, - деді өңір басшысы.

Жиналыс барысында әрбір бағыт бойынша нақты жауапты қызметкерлерді бекіту қажеттігіне назар аударылды. Білім басқармасына тұжырымдама іс-шараларын сапалы әрі уақытылы орындауды, сондай-ақ ведомствоаралық тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Денсаулық сақтау басқармасына ана мен бала денсаулығын қорғау шараларын күшейту жүктелді. Полиция департаментіне мүдделі органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру және жасөспірімдер қылмысын азайту бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар психолог, дефектолог, логопед сияқты мамандар тапшылығы, асырап алушы отбасы институтын дамыту және әлеуметтік жағдайы осал отбасылармен профилактикалық органдардың өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мәселелері жеке қаралды.

Күн тәртібі аясында жер қатынастары саласындағы жұмыстардың да қорытындысы шығарылды. Жүргізілген талдау жер түрлерінің арасындағы жерлердің ауысуы аудандардың экономикалық мамандануын көрсетіп отыр. Ақтоғай, Баянауыл және Екібастұз аудандарында мал шаруашылығының белсенді дамуына байланысты егістік жерлер жайылымға ауыстырылуда. Ал Павлодар және Ертіс аудандарында, Ақсу қаласының ауылдық аймағында, сондай-ақ Тереңкөл мен Аққулы аудандарында керісінше, өсімдік шаруашылығының көлемін арттыру үшін жайылымдық жерлер егістікке ауыстырылуда.

Суармалы егіншілікті дамыту Мемлекет басшысы тарапынан аграрлық саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған болатын. 2025 жылы суармалы алқаптардың көлемі 11,6 мың га ұлғайып, 191,2 мың га жетті. Жер пайдаланушылар қаражаты есебінен 3,5 мың га аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 10 жоба іске асырылып, суармалы алқаптардың нақты көлемі 85 мың га жеткізілді. 2026 жылы жалпы аумағы 2 мың га жуық бес суармалы егіс алқабын іске қосу жоспарлануда.

Ағымдағы жылы Курчатов қаласының 11 мың га аумағын Абай облысына беруіне байланысты облыс пен елді мекендер шекараларын реттеу, сондай-ақ Павлодар облысының Баянауыл ауданы мен Қарағанды облысының Осакаров ауданы арасындағы көпжылдық жер дауын түпкілікті шешу жұмыстары аяқталуы тиіс. 2026 жылы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 434 мың га жерін Май ауданының запастағы жер қорының санатына ауыстыру жоспарланған. Бұл аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға, пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге және су нысандарын пайдалануға мүмкіндік бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жоспары 196,1 мың га көлемінде (жоспар бойынша 180 мың га) орындалды. 2026 жылға 238 мың га көлемінде жоспар белгіленді. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жоспары да артығымен орындалды: жоспарланған 130 мың га орнына 142,7 мың га қайтарылды. 2026 жылға 70 мың га жерді қайтару көрсеткіші бекітілді.

Жайылымдық жерлер тапшылығы өзекті мәселе болып қала береді. Өңірдің 80 ауылында жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылым тапшылығы 109,9 мың га құрайды. Халықтың қажеттілігі үшін қазірдің өзінде 10,9 мың га жер қайта бөлінді. Жайылым тапшылығын жою бойынша Жол картасы әзірленуде, сондай-ақ жердің тозуы мен шөлейттенуіне қарсы шаралар, оның ішінде өнімділігі төмен учаскелерді шалғындандыру және бүлінген аумақтарды рекультивациялау бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жерлерін қоспағанда, облыстың үш қаласының елді мекендеріндегі жер учаскелері жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры арқылы онлайн-форматта ұсынылуда. 26 қаңтардан бастап үш мемлекеттік қызмет іске қосылды: жалға алу мерзімін ұзарту, нысаналы мақсатын өзгерту және жер учаскелерін жеке меншікке сату.

Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін бұрын қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жұмыстарын аяқтауды, 70 мың га жерді қайтару жоспарын орындауды, 1 желтоқсанға дейін елді мекендер шекараларын реттеуді, 2026 жылғы 15 шілдеге дейін тозған жерлерді қалпына келтіру шараларын қабылдауды, сондай-ақ 2026 жылғы 1 тамызға дейін қоғамдық жайылымдар тапшылығын қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Цифрлық технологиялар басқармасына жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін жалға алу мерзімдеріне мониторинг жүргізу, жер балансын қалыптастыру және жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану бойынша цифрлық модульдерді енгізуді пысықтауды тапсырды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев