
Халық пен бизнес-қоғамдастық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударылды.
Соңғы жылдары өңірде экономиканың негізгі салалары мен әлеуметтік саланы қамтитын 25-тен астам ірі цифрлық бастама жүзеге асырылды. Облыс әкімі Асайын Байханов цифрландыру жай ғана сәнді тренд емес, өндірістік үдерістердің тиімділігін арттырудың, еңбек өнімділігін өсірудің және кәсіпорындардың өнімділігін жоғарылатудың берік негізіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Өнеркәсіп секторында заманауи технологияларды енгізудің тұрақты оң тәжірибелері қалыптасты. Атап айтқанда, «Богатырь Көмір» ЖШС базасында диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ол автотехнологияларды, ашылған жыныстарды конвейерлік тасымалдауды цифрлық басқаруды, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарының шығынын бақылауды қамтиды.
Сонымен қатар, есептеулердің дәлдігін арттырып, өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бұрғылау-жару жұмыстарын жобалауға арналған бағдарламалық-техникалық кешендер қолданылуда. Жұмыс барысында жасанды интеллект элементтерімен карьерлік самосвалдарға мониторинг жасау жүйелері пайдаланылуда, бұл бағыттарды оңтайландыруға, шығындарды азайтуға және өндірістік тәртіпті күшейтуге ықпал етеді.
«Шығыс» кенішінде өндірістік үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жоспарлаудың цифрлық шешімдері, сондай-ақ персоналды ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізу жүйелері іске асырылған. GPS-датчиктерді қолдана отырып, техниканы ұшқышсыз басқару элементтері енгізілуде. Ағымдағы жылы кәсіпорынның цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту, соның ішінде MES-жүйелерін, жүк ағындарын оңтайландыру модульдерін және өндірісті басқарудың басқа да заманауи цифрлық құралдарын енгізу жоспарлануда.
Өңір басшысы табысты цифрлық тәжірибелерді басқа да салаларға, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге белсенді енгізу міндетін қойды. Бүгінде облыста топырақты талдау, егіс науқанын жоспарлау және суару жүйелерін басқару кезінде цифрлық шешімдерді қолданатын шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
Дәлме-дәл егіншілік технологиялары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және электрондық алқап карталары кеңінен қолданылып, өнімділікті арттыруға және ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік беруде. Мал шаруашылығында жануарларды GPS-трекинг жүйелері, автоматтандырылған сауу залдары және табынды кешенді басқару жүйелері енгізілуде.
Облыс әкімі бұл тәжірибені өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында оқыту семинарларын, кеңес беру алаңдарын ұйымдастыру және тәжірибе алмасу арқылы ауқымын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Коммуналдық салада облыс қалаларындағы инженерлік желілерді цифрландыру деңгейі шамамен 30% жетті. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымды цифрландыру деңгейін 100% жеткізу міндеті қойылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында жабдықтардың ақауларын ерте кезеңде анықтау жүйелері, интеллектуалды бейне-талдау, жылу желілерінің цифрлық егіздері, сондай-ақ суды тұтынуды қашықтан есепке алу жүйелері енгізілуде. Бұл шешімдер ықтимал апаттарды уақтылы анықтауға, шығындарды азайтуға және басқарудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Коммуналдық қызметтердің табысты цифрлық жобаларын облыстық ситуациялық-талдамалық орталыққа біріктіру және кейіннен оларды басқа инфрақұрылым нысандарына тарату жоспарлануда.
Әлеуметтік саланы цифрландыру негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Медициналық ұйымдарда қашықтан қызмет көрсету, электрондық анықтамалар және мамандарға жазылу сервистері белсенді түрде дамуда. Пациенттерді FaceID арқылы және «Цифрлық құжат» сервисі арқылы сәйкестендіру жүйесі енгізілді.
Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу, сондай-ақ радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жоспарланған. Барлық медициналық ақпараттық жүйелерді бірыңғай мемлекеттік платформаға интеграциялау көзделуде, бұл деректерді сақтау мен талдауға кешенді тәсілді қамтамасыз етеді.
Білім беру мен әлеуметтік қолдау саласында мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдаудың барлық шаралары, яғни, ақшалай төлемдерден бастап тамақ пен дәрі-дәрмекке арналған ваучерлерге дейін - «Әлеуметтік әмиян» форматына көшіріледі, бұл көмекті алудың ашықтығын және қолайлылығын қамтамасыз етеді.
Өңір цифрлық трансформацияның институционалдық негізін жүйелі түрде қалыптастыруда. Ұзақ мерзімді бағдарлар мен басымдықтарды айқындайтын цифрлық даму стратегиясы, «ақылды» қалаларды құру стратегиясы және цифрлық трансформация картасы бекітілді.
Облысты интернетпен қамту деңгейі 99,4%-ды, ұялы байланыспен қамту 97,4%-ды құрайды. 2027 жылға дейін 207 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілері салынады, бұл қалалық және ауылдық аумақтар арасындағы цифрлық алшақтықты айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Жиналысты қорытындылай келе, Асайын Байханов цифрландыру түрлі өмір салаларын қамтып қана қоймай, нақты нәтиже беруі тиіс екенін - үдерістерді оңтайландыру, шығындарды азайту, қызмет көрсету сапасын арттыру және түптеп келгенде Павлодар облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту қажет екенін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев