
Облыс әкімі Асайын Байханов 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Отырысты ашқан өңір басшысы Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер алдағы кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағдарларын айқындайтынын және жергілікті атқарушы биліктің барлық деңгейлерінің үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуін талап ететінін атап өтті.
- Алдымызда ауқымды әрі жауапты міндеттер тұр. Президент жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты бекітілгенін ерекше атап өтті. Мемлекеттік саясаттың айқын бағыты ретінде азаматтардың мүддесі, табысының өсуі және өмір сүру сапасының артуы болуы тиіс. Шешімдерді жедел қабылдап, олардың жүйелі орындалуын қамтамасыз ету маңызды, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Президент бюджет бағдарламаларына тексеріс жүргізіп, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу тетігін жетілдіруді тапсырды.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук баяндады. Өңірде бюджет бағдарламаларына тексеріс жүргізіліп, қорытындысы бойынша 13,6 млрд теңге көлемінде шығыстар оңтайландырылды. Бұл қаражат инфрақұрылым нысандарын дамыту мен жаңғыртуға бағытталды. Сонымен қатар Павлодар және Екібастұз қалалары бюджеттеріне кешенді түгендеу жұмыстары басталды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруды бағалау қорытындысы бойынша Павлодар облысы республикалық рейтингте 1 орынға тұрақтады. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында жалпы көлемі 4,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылған 8 мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісім-шарты жүзеге асырылуда.
Асайын Байханов 1 наурызға дейін қалалар мен аудандар бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді құрамдас бөліктерге бөлуді, облыстық бюджет шығыстарын түгендеу жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ 2026-2029 жылдарға арналған халық табысын арттырудың жаңа бағдарламасына ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жаңа инвестициялық циклді іске асыру және арнайы экономикалық аймақты жаңғырту бойынша индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Курманова баяндады.
Соңғы жылдары облыста негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша оң динамика байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялардың жалпы көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеден асып, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 47%-ға өсті. Оның ішінде 89%-ы жеке инвестициялар есебінен. Бүгінде өңірдің инвестициялық пулында жалпы құны 7,4 трлн теңгеге 113 жоба бар және бұл 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2026 жылы 508,9 млрд теңгеге 35 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда.
Ірі бастамалардың қатарында: «Екібастұз» индустриялық аймағында «Mineral Product International» ЖШС ферроқорытпа зауытының құрылысы, катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыт құру, сондай-ақ «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында халықаралық «Solidcore Resources plc» компаниясының құны 1 млрд АҚШ доллары болатын гидрометаллургиялық комбинатының құрылысы бар.
Президент атап өткендей, «арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартудың толыққанды алаңына айналуы тиіс». Бүгінде АЭА аумағында 22 кәсіпорын жұмыс істеуде, тағы 16 жоба іске асырылу сатысында.
АЭА аумағындағы негізгі жобалардың бірі - жылына 300 мың тонна алтынқұрамды концентратты өңдеп, 15 тоннаға дейін алтын өндіретін зауыттың құрылысы. Жоба белсенді жүзеге асырылуда. 2028 жылдың желтоқсанында іске қосылатын кәсіпорын жалпы өңірлік өнімнің шамамен 16%-ға өсуін немесе шамамен 1,5 млрд АҚШ долларын қамтамасыз етеді.
Алдағы жылдары АЭА аумағында металл құрылымдарынан бастап полимерлік түйіршікті шикізаттар мен жоғары кернеулі оқшаулағыштарға дейінгі жаңа өндірістер ашылады. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстарын аяқтау міндеті өзекті күйінде қалып отыр: қазіргі уақытта 65,8% дайын. Толық аяқтау үшін үш жобаны іске асыру қажет: автожол салу, теміржолдың екінші кезеңін тарту және қуаты 40 МВт қосалқы станция салу.
Қосымша өсу нүктелері Екібастұз индустриялық аймағында қалыптасуда, мұнда 800 млрд теңгеден астам инвестиция көлемімен және 3 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен толыққанды металлургиялық кластер құру жоспарлануда.
Бүгінде облыс өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша республикада көшбасшы бестікке кіреді (2,4 трлн теңге). Ағымдағы жылы сектордың 2,9%-ға өсімі болжануда.
Асайын Байханов 20 ақпанға дейін ӘКК базасында құрылған өңірлік фронт-кеңсе жұмысын қайта құрылымдау бойынша ұсыныстар енгізуді және әрбір инвесторды сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
- Басым жобалар пулын қалыптастырып, бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша басқармалар және қалалар мен аудан әкімдіктері үшін KPI бекітуді тапсырамын. Сондай-ақ Ақсу қаласында жаңа агроиндустриялық аймақ құру жобасын дайындау қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс аграрлық секторда да тұрақты көрсеткіштерге ие болды. 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспардың іске асырылуы туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исин баяндады.
Жоспарда жылдық 5-6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру, 16 бордақылау алаңын салу, мал басын көбейту және 2029 жылға қарай ет өндірісін 89 мың тоннаға дейін жеткізу қарастырылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында жалпы сомасы 99,6 млрд теңгені құрайтын және 1200 жұмыс орнын ашуды көздейтін 21 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Ауылдық кооперацияны дамытуға және шағын несие беруге бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру жалғасуда.
Өңір басшысы 20 ақпанға дейін мал шаруашылығын дамыту бойынша жеке жобалар пулын қалыптастыруды және субсидиялардың цифрлық есебін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиналыс барысында энергетика мәселелері де қаралды. Президент атап өткендей, «электр энергиясын жеткілікті әрі тұрақты өндірусіз жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мүмкін емес».
Салалық басқарма басшысы Ержан Иманзаипов жоспарлар мен саланың дамуы туралы баяндама жасады. Павлодар облысы елдің энергетикалық флагманы мәртебесін сақтап отыр: 2025 жылы 49 млрд кВтсағ электр энергиясы өндіріліп, бұл республикалық көлемнің 40% астамын құрады. Өңірде қуаты 2640 МВт болатын Екібастұз МАЭС-3 станциясын салу, МАЭС-2 станциясында №3 және №4 энергия блоктарын іске қосу, «таза көмір» технологиясы негізіндегі жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ қуаты 1000 және 500 МВт болатын жел электр станцияларын салу жоспарланған.
Жоспарланған жобаларды іске асыру энергетикалық кешеннің қолжетімді қуатын 14 327 МВт-қа дейін арттыруға және өңірдің республикалық электр энергиясын өндірудегі үлесін 50% астам деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.
Жиналыстың қорытындысы бойынша өңір басшысы Президент тапсырмаларын орындау барлық жергілікті атқарушы органдар үшін сөзсіз басымдық екенін атап өтті.
- Біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауды қамтамасыз етуге міндеттіміз, - деп түйіндеді Асайын Байханов.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев