
Облыс әкімдігінде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, су тасқыны мен өрт қаупі жоғары кезеңдерге дайындық шаралары қаралды.
Облыс әкімі Асайын Байханов күннің жылынуына екі айға жетер-жетпес уақыт қалғанын, осыған байланысты ықтимал қауіп-қатерлерге дайындық жұмыстары алдын ала басталып, тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
- Тәуекелдерді объективті бағалау қажет. Су тасқыны кезеңіне қатысты болжамдар біркелкі емес. Жағдайды жеңілдетпей, ықтимал су тасқындарына нақты дайындық керек, - деп атап өтті өңір басшысы.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рустамбек Амрин су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Жалпы, өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық бар екені атап өтілді. 1 559 су өткізу құбыры (100%) тазартылып, қысқы кезеңге жабылды.
156 км қорғаныс бөгеттері нығайтылды және салынды, 36 су өткізу құбыры орнатылып, жөндеуден өтті, 2 км су бұру арналары жабдықталды.
Баянауыл ауданының Жаңажол және Қ. Сәтбаев атындағы ауылдық округтерінде гидромелиорациялық жүйелерді қайта жаңғырту бойынша ірі жобалар аяқталды. Бұл жобалар шамамен 23 млн м³ су көлемін реттеуді қамтамасыз етіп, 17 елді мекенді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік берді.
Кенжекөл және Атамекен кенттеріндегі, сондай-ақ Ақсу қаласындағы қорғаныс дамбаларына көпфакторлы тексеріс жүргізілді. Әкімдіктерге табиғатты қорғау мақсатында су жіберу басталғанға дейін заңнамада белгіленген тәртіппен қайта тексеру жүргізу тапсырылды.
Жедел әрекет ету үшін жалпы саны 1 870-тен астам адам, 769 техника бірлігі, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпадан тұратын күштер мен құралдар топтастырылды. ТЖД күштері облыстың су тасқыны қаупі бар аудандарын қамтуды ескере отырып, 4 эшелонға бөлінді.
2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында әкімдіктер тарапынан техникамен және жабдықтармен қосымша жарақтандыру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қосымша мотопомпалар сатып алынды, Екібастұз қаласы мен Ертіс ауданының төтенше жағдайлар бөлімшелері күшейтілді.
Су басудың алдын алу мақсатында облыс әкімі қар шығару жұмыстарын күшейтуді, қажетті техникалар мен қорларды уақтылы дайындауды, Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстарын қарастыруды, сондай-ақ ТЖД-не су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша барлық қызметтер мен мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді тапсырды.
Одан кейін комиссия өрт қаупі жоғары кезеңнің мәселелерін қарады. 2025 жылы қосымша 5 өрт сөндіру пункті құрылып, бір пункт жаңғыртылды. 2026 жылы 19 өрт сөндіру пунктін құру және 16 пунктті жаңарту жоспарлануда.
Өткен жылы орман өрттерінің саны біршама артқанына қарамастан, ерте анықтаудың арқасында олардың аумағы 46 есеге қысқарды. Өрттің елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ және адам шығыны болған жоқ.
Орман өрттерінің негізгі себебі - найзағай (87%). Дала өрттері 2,4 есеге артты. Өңірде өртке қарсы әрекет ету үшін су төгетін құрылғысы бар ауыр МИ-8 тікұшағы орналастырылды. 2 280 рейд жүргізіліп, 280 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2025 жылы 101 өрт тіркеліп, 193 саяжай учаскесі зардап шеккен 29 саяжай массивіндегі жағдай ерекше бақылауда. Негізгі мәселелер - кірме жолдардың, су көздерінің болмауы және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша облыс әкімі саяжай серіктестіктерінде тәртіп орнатуды, минералдандырылған жолақтарды жаңартуды, өрт бекеттерінің техникасын қалыпқа келтіруді және көктемгі құрғақ өсімдіктерді шабу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Су тасқыны мен өрт қаупі жоғары кезеңдерге дайындық жұмыстары облыс әкімінің ерекше бақылауында болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев