Павлодарда жаңа мектеп ашылды

Павлодарда жаңа мектеп ашылды

Павлодар қаласында Гагарин көшесі, 58/4 мекенжайы бойынша орналасқан №47 орта мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Осынау маңызды оқиғамен ұстаздар мен оқушыларды облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашақ мектептері» бастамасы аясында өңірімізде білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда облыста 10 жаңа мектеп салынып, соның арқасында үш мыңға жуық бала сапалы әрі заманауи білім алуда, - деп атап өтті өңір басшысы.

«Келешек мектеп» жобасы балалардың зерттеушілік дағдылары мен шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын жаңа буындағы білім беру кеңістіктерін қалыптастыруға бағытталған. Аталмыш мектептің құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталды. Жобаның тапсырыс берушісі - «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

Жаңадан бой көтерген заманауи төрт қабатты мектепте 805 оқушы білім алуда, 39 сынып ашылып, 75 жоғары білікті ұстаз білім беру үдерісін қамтамасыз етуде.

Сапар барысында облыс әкімі тамақтану мәдениеті, дизайн және технология шеберханаларын, оқу кабинеттерін, спорт және мәжіліс залдарын, STEM-зертхананы, музыка сыныптары мен кітапхананы аралап көрді. Сондай-ақ өңір басшысы мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, білімге ұмтылыс пен зерттеушілік дағдының маңыздылығын атап өтті.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев