
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданының Сычевка ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Алексеевна Матюшинаға арнайы барып, мерейтойымен құттықтады.
Өңір басшысы ардагерге жауынгерлік және еңбек жолындағы ерлігі үшін алғысын білдіріп, мықты денсаулық пен қажырлы қайрат тіледі.
- Ғасырлық мерейтой - аса маңызды дата. Сіздің тағдырыңызда еліміздің тарихы, соғыс жылдарының ауыр сынағынан өткен, болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмірді қорғап қалған және соғыстан кейінгі жылдары аянбай еңбек еткен әйелдердің тарихы көрініс тапқан. Сіздің жүрегіңізде тұтас бір дәуірдің естелігі сақталған, ал өмір жолыңыз баршамызға үлгі, - деп атап өтті облыс әкімі.
Мария Алексеевна 1943 жылдың ақпан айында 17 жасында майданға аттанған. Ол әскери-құрылыс бөлімдерінде қызмет етіп, ер адамдармен қатар қорғаныс бекіністерін салуға қатысты. Жеңісті елдің солтүстігінде, Финляндиямен шекара маңында қарсы алды.
1955 жылдан бастап Матюшиндер отбасы Қазақстанға қоныстанып, Железин ауданының Октябрьское ауылында тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Мария Алексеевна кеңшардың егіс алқаптары мен фермаларында еңбек етіп, ауыр жұмыстарды атқарды.
Ерлігі мен жанқиярлығы үшін ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ медальдармен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Мария Алексеевна жолдасымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде үлкен әулеттің қамқорлығында - 11 немере, 29 шөбере және 3 шөпшегі бар.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев