Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барып, өңір үшін стратегиялық маңызы бар негізгі инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Өңір басшысы «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-не барды. Мұнда құны 29,1 млрд теңгеге жаңа түтін мұржасын салу бойынша ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың сәуір айында кәсіпорында қолданыстағы түтін мұржасын тексеру және жөндеу мақсатында бірінші кезектегі төрт энергоблок тоқтатылып, ішкі бетон құрылымдарының қалдықтары бөлшектелді.

«Б. Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС бас директоры Асан Наурызғалиевтің айтуынша, 2025 жылдың қазан-қараша айларында құрылыс-монтаж жұмыстарына, техникалық және авторлық қадағалауға келісім-шарттар жасалып, Павлодар облысының МСҚБ басқармасынан құрылысты бастау туралы хабарлама алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер ұйымдардың консорциумы жүргізуде. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жобаға 3 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстарға 45 адам тартылған.

Жаңа түтін мұржасы қолданыстағы мұржаның жанында салынып жатыр. Бұл электр энергиясын өндірудегі шығындарды азайтып, энергоблоктарды тоқтатуды жоспарлы жөндеулермен үйлестіруге мүмкіндік береді. Нысанның жобалық пайдалану мерзімі - 50 жыл. Құрылыс аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың қазан айынан 2028 жылдың шілде айына дейін ескі түтін мұржасын бұзу жұмыстары жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі қызанақ, қияр және баклажан өсіруге маманданған Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешеніне де барды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты - 12 мың тонна, 380 жұмыс орны құрылған. Өнімді негізгі өткізу нарықтары - елдегі ірі сауда желілері, экспорт көлемі 8,3 мың тоннаға жетеді.
Облыс әкімдігімен жасалған меморандум аясында 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап өңірде 58,5 тонна қияр және 7,5 тонна қызанақ сатылды, оның ішінде Екібастұз қаласында 4 тонна қияр мен 2,5 тонна қызанақ өткізілді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 2,6 тонна қияр және 0,4 тонна қызанақ сатылды.

Сонымен қатар, Асайын Байханов Шідерті кентінің жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту нәтижелерімен танысты. 2025 жылы мұнда жалпы сомасы 640 млн теңгеге қазандық пен жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. №1 қазандыққа күрделі жөндеу, №2, 3 және 4 қазандықтарға ағымдағы жөндеу жасалып, диаметрі 530 мм магистральдық құбырды қоса алғанда, 3,5 км астам жылу желілері ауыстырылды.

Кенттегі жылу беру маусымы 10 қыркүйекте басталып, тұрақты режимде өтуде. Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін отын қоры 2,2 мың тоннадан асады.

Жұмыс сапарының қорытындысын жасай отырып, облыс әкімі Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан жобалар энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Өңір басшысы жылу беру кезеңінде қазандықтардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ облыс бойынша жылумен жабдықтау нысандарын кезең-кезеңімен жаңғыртуды жалғастыруды тапсырды. Бұл шараларды іске асыру коммуналдық жүйелердің тұрақтылығын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша жағдайлар жасайды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев