
Өңір басшысы қазіргі уақытта ауа температурасының 0 С° деңгейінде тұрғанын, алайда синоптиктердің болжамына сәйкес ертеңнен бастап күрт суытатынын хабарлады.
- Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе - қолайсыз ауа райы жағдайы. Баяндама тыңдап отыратын уақыт жоқ. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге дайын болуы тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыс әкімі салалық басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне күштер мен құралдардың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бірінші кезекте автокөлік жолдарын уақытылы тазалау мен күтіп-ұстауды ұйымдастыру, сондай-ақ жылыту пункттерінің дайындығын тексеру қажет. Коммуналдық қызметтер тәулік бойғы кезекшілікке көшіріледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Сондай-ақ ауа райы жағдайы тұрақталғанға дейін жаппай мәдени және спорттық іс-шараларды кейінге қалдыру немесе тоқтату және облыс аумағынан тыс жерлерге жолға шығуды шектеу туралы шешім қабылданды.
Денсаулық сақтау басқармасына жарақат алу жағдайларының көбеюі мүмкін екендігін ескере отырып, травматологиялық пункттердің дайындығын қамтамасыз ету қажет.
Білім басқармасына да жеке тапсырмалар берілді.
- Мектептер мен колледждер бойынша ауа райы жағдайының өзгеруіне байланысты жедел әрекет ету қажет. Қашықтан оқытуға көшіру туралы барлық шешімдер алдын ала қабылданып, ата-аналарды міндетті түрде хабардар ету керек, - деді өңір басшысы.
Сонымен қатар тұрғындарды қауіпсіздік шаралары және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қала және аудан әкімдері орындарында болып, жағдайды жеке бақылауда ұстауы тиіс.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев