
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыс орталығының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу ашық әрі мазмұнды өтті: қала тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өңір басшысы жыл қорытындысы, жүйелі мәселелер мен Павлодардың даму бағыттары туралы баяндама жасады.
Кездесуді ашқан облыс әкімі диалогқа келген барша азаматтарға алғыс айтып, қаланың жетістіктері билік, бизнес және тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
- Соңғы үш жылда облыс орталығы мен оған қарасты жеті ауылдың дамуына 570 млрд теңгеден астам қаржы салынды. Сонымен қатар біз қаланың жүйелі мәселелері әлі де бар екенін мойындаймыз. Бүгінде оларды атап қана қоймай, Павлодардың одан әрі даму әлеуетін нақты түсіну маңызды, - деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы жылдық есебін қала тұрғындары үшін ең өзекті тақырыптардан - жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйінен бастады. Негізгі мәселелердің бірі - тозығы жеткен коммуникациялар болып отыр. Дегенмен соңғы он жылда алғаш рет бұл көрсеткіштің өсуі тоқтатылып, жылу желілерінің тозу деңгейі 82% дейін төмендетілді.
Үш жылдың ішінде қалада үш ірі жылу магистралі салынды және 60 км астам жылу желілері жөнделді. Бұл бірнеше шағын ауданда жылумен жабдықтауды тұрақтандыруға, 1030 көпқабатты тұрғын үйдің, сондай-ақ 60 әлеуметтік және коммерциялық нысанның жылу режимін жақсартуға мүмкіндік берді. Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғын үйлерде 6-7 ай бойы ыстық су болмайтынын павлодарлықтар жақсы біледі. Ал қазір бұл мерзім 6 аптаға дейін қысқартылды.
Қалалық үш ЖЭО жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Кәсіпорындардың басшылығына жаңа шағын аудандар мен жеке секторды жылуға қосу үшін қуаттарды арттыру тапсырылды. Қаланың оңтүстік бөлігін жаңғыртудың бірінші кезеңі 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Павлодар облысы еліміздегі табиғи газ жоқ өңірлердің бірі болса да, газдандыру жұмысы жалғасуда. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бекітілген жол картасы аясында энергетика министрлігімен өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.
Стратегиялық маңызы бар тақырыптардың бірі - экология. Павлодарда қоршаған ортаға әсер ететін 400-ге жуық кәсіпорын бар. Қалада ауа сапасын бақылайтын жеті стационарлық мониторинг бекеті жұмыс істейді, ал ірі кәсіпорындарда шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелері енгізілген.
- Индустриялық өсім экологияға қайшы келмеуі тиіс. Шығарындыларды азайту - сөзсіз басым бағыттардың бірі, - деп атап өтті облыс әкімі.
ERG тобының құрамына кіретін төрт кәсіпорында жалпы құны 178 млрд теңгеге экологиялық жобалар іске асырылуда. Алдағы уақытта бұл жұмысқа Павлодар мұнай-химия зауыты мен қаланың жылу энергетикалық орталықтары қосылады.
Өңір басшысы жасыл желек қорының жағдайына да жеке тоқталып өтті. 2024-2025 жылдары кәсіпорындар тарапынан 13 мыңнан астам ағаш пен көшеттер отырғызылды. Алайда эко-белсенділер мен қала тұрғындары көшеттердің төмен деңгейде жерсінуін сынға алған болатын.
- Мен бұл сынмен келісемін және жасыл желектерді отырғызу мен күтіп-баптау тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын, - деді Асайын Байханов.
Биыл Павлодарда жасы үлкен ағаштарды жаңарту жұмыстары басталып, жапырақты ағаштар, соның ішінде жөке ағаштары отырғызылуда. Бұл бастамаға тұрғындар оң баға берді.
Ескі тұрғын үйлер мен аумақтарды су басу жүйелі мәселелердің қатарында қалып отыр. Затон шағын ауданында 20 апатты жағдайдағы үйді бұзып, 1152 пәтерлі тоғыз көпқабатты тұрғын үй салу арқылы қайта жаңарту жұмыстары басталды. Қала бойынша тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу және құрылыс сапасын қатаң бақылауға алу тапсырылды.
Су басудың алдын алу шаралары аясында кешенді дренаж бағдарламасы іске асырылуда. Биыл алғашқы толыққанды дренаж жүйесінің құрылысы аяқталып, бірқатар шағын аудандарда 13,5 км су бұру желілері салынды. Келесі жылы бұл бағыттағы жұмыстар «Авиақалашық» шағын ауданында жалғасатын болады.
Қалдықтарды басқару мәселесіне де үлкен көңіл бөлінуде. Өңірде жылына 150 мың тоннаға дейін қалдықты өңдейтін алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені салынуда. Болашақта органикалық қалдықтарды өңдейтін екінші кезеңі іске асырылады.
Баяндаманың жеке бір бөлігі әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуға арналды. Келесі жылдың көктемінде бес ірі нысанның құрылысы басталады. Олардың қатарында Мұз сарайы, Конгресс-холл, 20 мың орындық жаңа футбол стадионы және көпфункционалды спорт кешені бар. Күзде аквапарктың ашылуы жоспарлануда.
Соңғы үш жылда Павлодарда 36 шағын сквер абаттандырылып, 600 балалар және спорт алаңдары жабдықталды. Ал аулалардың ойын аймақтарымен қамтылуы 95%-ға жетті. Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру және қала көшелерін жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Жол және көлік саласында да елеулі өзгерістер болды: шамамен 90 км жол асфальтталды, 213 бірлік қоғамдық көлік жаңартылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында автобус паркін толық жаңарту жұмыстарын аяқтау міндеті қойылды.
Келесі жылға жоспарланған жұмыстардың қатарында әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртуды аяқтау, Ертіс арқылы өтетін жаңа көпірді салу, трамвай паркін жаңарту және кітапханалар жүйесін дамыту бар.
- Павлодар еліміздегі облыс орталықтардың арасында көшбасшылардың қатарында. Біз қаланың өмір сүруге жайлы, заманауи әрі қолайлы болуы үшін жұмысты жалғастырамыз, - деп қорытындылады Асайын Байханов.
Баяндамадан кейін кездесу еркін форматтағы сұрақ-жауапқа ұласты. Тұрғындар күнделікті мәселелерден бастап, қаланың ұзақ мерзімді даму жоспарларына дейін түрлі сұрақтар қойды. Барлық өтініштерге түсіндірме беріліп, өзекті мәселелер облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев