Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы

Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы

Жыл басынан бері Павлодар облысында пайдаланылмай келген 665 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптары анықталды. Бүгінгі таңда олардың 134 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. 258 мың гектар жер игеріле бастады, ал 273 мың гектар, яғни өңірдегі ауыл шаруашылық алқаптың 4%-ы пайдаланылмай тұр.

 

Бұдан басқа сот шешімімен кепіл берушінің берешегін өтеуге жататын, соның салдарынан пайдаланылмай тұрған жерлерді айналымға енгізу үшін қала құрылысы және жер бақылау басқармасы мен әкімдіктер инвесторлар тартып жатыр. Нәтижесінде мұндай жерлердің аумағы 84 мың гектардан 65 мың гектарға дейін қысқарды. Осылайша, Ертіс ауданында кепілдікте тұрған 15 мың гектар жер қолданысқа берілді. Жаңа пайдаланушылар бұл жердегі топырақты өңдеп, келесі жылы егуді жоспарлап отыр. Дәл осылай Ақтоғай ауданында 3,5 мың гектар жер пайдалануға беріліп, алдағы уақытта тағы 23 мың гектар жерді игеру көзделіп отыр.

 

Облыстың жер пайдаланушыларына алаңдарды тиімді пайдалану тәртібі, қолданыстағы жауапкершілік шаралары, оның ішінде айыппұл (ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 338 бабы) және пайдаланылмаған жағдайда жер салығын 10 есе артық төлеу туралы заң талаптары түсіндірілді (ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 509 бабы). Мемлекеттік кірістер органдарына 147,7 мың гектар пайдаланылмай тұрған жер алқаптары туралы мәліметтер берілді.

 

Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігін арттыру – басқарма қызметінің негізгі міндеттерінің бірі. Біз осы бағытта облыстағы қалалық және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мақсат – шаруа қожалықтарының иелерін жерлерді ұтымды пайдалануға ынталандыру және олардың тұрып қалуына жол бермеу.

 

Павлодар облысының қала құрылысы

және жер бақылау басқармасы