Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы орынсыз қоқыс үйінділері мәселесін шешуді талап етті

Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы орынсыз қоқыс үйінділері мәселесін шешуді талап етті

Өңір басшысы Павлодарда орынсыз қоқыс үйінделерін жасайтындарды іздеуге жергілікті полицияны тартуды тапсырды. Сенбі, 24 қазан күні әкім облыс орталығының шағын аудандарын аралады.

 

Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарын 350 орындық жаңа мектеп салынып жатқан Затон шағын ауданынан бастады. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, жиһаз бен жабдықтар жеткізіліп жатыр. Мердігерлер ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беруге дайын.

 

Ворушин көшесінде асфальт-бетон жабынын қалпына келтіру жұмыстары аяқталып жатыр. Биыл мұндағы екі шақырымға жуық су құбыры ауыстырылды. Облыс әкімі жолдың көлік жүретін бөлігіндегі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұл учаскені одан әрі абаттандыру қажеттігін атап өтті.

 

- Тротуарлар жетіспейді. Тұрғындар қара жермен жүруге мәжбүр, мұнда жаяу жүргіншілер жолын салу қажет. Мұны келесі жылға жоспарлаңыз, - деді Әбілқайыр Сқақов Павлодар қаласының әкімі Ержан Имансләмға.

 

«Зеленстрой» шағын ауданында өңір басшысы жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Жеке секторда орталық сумен жабдықтау жүргізілген, қазір адамдар жолдардың жөнделуін және кәріз құрылысын күтіп отыр. Әбілқайыр Сқақов орталық канализация жүргізілгеннен кейін көшелер бірден ретке келтірілетініне уәде берді. Әзірге жолдарға қиыршық тас себілді.

 

- Орталық су құбырын пайдаланып келе жатқанымызға шамамен бір жыл болды, құрылысшылардың жұмысына дән ризамыз. Біз болашақта дәл осындай мердігерлердің жұмыс істегенін қалаймыз,  - деп бөлісті Зеленстрой тұрғындары.

 

Облыс әкімі Шығыс өнеркәсіп аймағында да болды. Ол Шығыс Промрайон көшесінің бойындағы қоқыс үйінділеріне назар аударды.

 

- Жергілікті полиция қызметінің көмегімен осындай былыққа жол бергендерді іздеңіздер. Мұндай қарқынмен үйінділер қала орталығында да пайда болар! Бұл жерде тәртіп орнатыңыздар, - деп тапсырды Әбілқайыр Сқақов. Одан бөлек осы ауданда жұмыс істейтін кәсіпорындардың ғимараттарына бейнекамералар орнату қажеттілігін атап өтті.

 

Облыс әкімі Шығыс өндірістік аймағы мен Шығыс шағын ауданы арасындағы бос жердегі басқа да орынсыз үйінділерді жоюды тапсырды. Бір кездері құм өндірілген шағын карьер қазір құрылыс қоқыстарының заңсыз алаңына айналған.

 

- Жел соқса, мұның бәрі қалаға қарай ұшады. Экологиялық жасақтар құрып, дүйсенбіден бастап мұнда белсенді жұмыс бастаңыздар. Қоқысты орынсыз жерде жинайтындарды анықтаңыздар. Біздің барлық құрылыс мердігерлеріміз қоқысты қайда шығаратыны туралы есеп берсін, - деді облыс әкімі.

 

«Екінші Павлодар» шағын ауданында өңір басшысы Жібек Жолы мен Минин арасындағы Геринг көшесі бойындағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Айта кетейік, жазғы уақытта жер асты суының көтерілуі салдарынан жол жөндеушілердің жұмысы тоқтап тұрған болатын. Осы күндері «Гордорстрой» ЖШС құрылысшылары жолға асфальт төсеп, тротуарларды абаттандырып қойды.

 

Әбілқайыр Сқақов биыл «Лесозавод» және «Радиозавод» шағын аудандарында жөнделген көшелермен де жүріп өтті. Мұнда 20 шақырымнан астам жерге асфальт төселді. Жергілікті тұрғындар жұмыс сапасына риза.

 

- Асфальт төселген соң адамдар қоршауларын өздері ретке келтіре бастады. Кешке шығып, серуендейміз,  өте ыңғайлы, - деді Жасыбай көшесінің тұрғындарының бірі.

 

Облыс әкіміне №39 мектеп басышылығы ағымдағы жөндеу жұмыстарының аяқталуы туралы есеп берді. Мектепте ұзақ жылдар бойы мәселеге айналған киімілгіш аймағы кеңейтілген. Сонымен қатар, мұнда олар шамамен 10 жыл бойы тоқтап тұрған бассейн іске қосылды.

 

Мектеп жанындағы учаскеде шағын футбол жабыны төселді, спортпен айналысуға арналған құрылғылар орнатылды. Мердігерлер барлық жұмыстардың жергілікті тұрғындардың қалауын ескере отырып жасалып жатқанын айтады. Демалыс аймағы қараша айында тапсырылады.

Сондай-ақ, өңір басшысы №2 оқу-өндірістік комбинатының ғимаратында болды. Мұнда екі жылға созылған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Білім ордасындағы оқу сыныптары ретке келтіріліп, жабдықталды. Әзірге 3526 павлодарлық оқушы кәсіптік білімді қашықтан алып жатыр.

 

Комбинатта көлік жүргізуге, кәсіпкерлік негіздеріне, графикалық дизайнға, тігін және шаштараз ісіне оқытуға арналған кабинеттер бар.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев