Павлодарда облыс әкімінің «Шебер асуы» сыйлығы табысталды

Павлодарда облыс әкімінің «Шебер асуы» сыйлығы табысталды

Бүгін Павлодарда өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан, болашақ жұмысшы мамандықтарының өкілдері - колледж студенттерін марапаттауға арналған облыс әкімінің «Шебер асуы» сыйлығының қорытындысы шығарылды.

Биыл бұл марапат алғаш рет табысталып отыр және бұл білімімен, еңбегімен, талантымен және табандылығымен кәсіби шеберліктің шегі жоқ екенін дәлелдеген жастарды ынталандыруға бағытталған.

Өңір басшысы Асайын Байханов жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Өздеріңізге белгілі, жұмысшы мамандықтары - ел экономикасының негізі. Бүгін сіздер - үздік студентсіздер, ал ертең - сұранысқа ие маман болып, өңіріміздің тірегіне айналасыздар. Алдағы уақытта да дамып, жаңа мақсаттар қойып, Павлодар облысының атын республикалық және халықаралық деңгейде асқақта бересіздер деп сенемін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз - Павлодар Ертіс өңірінің болашағының берік іргетасы, - деп атап өтті облыс әкімі.

Марапатталғандардың қатарында: Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің студенті, WorldSkills Kazakhstan - 2025 конкурсында «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иегері Максим Сорозидинов, Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті, волонтер, «ҚР 100 үздік студенті» республикалық конкурсының жеңімпазы Назерке Қайыргелдинова, Технологиялық колледждің студенті, WorldSkills Kazakhstan - 2025 конкурсында «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша күміс жүлдегер, Мәскеуде өткен «Кондитер. Дети» шоуының жартылай финалисі Мейрам Асылжан бар.

Жалпы биыл «Шебер асуы» номинациясы бойынша облыс әкімінің біржолғы сыйлығымен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін және дамуға деген ұмтылысын көрсеткен өңір колледждерінің 30 студенті марапатталды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев