
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар қаласын аралады.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы демалыс күндері мерекелік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетін «JAILAU» фермерлік базарына барды. Жалпы, жыл басынан бері бұл алаңда 4,8 млрд теңгеге 5,7 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі сатылды.
Осы сенбі күні Ақтоғай, Ертіс, Железин, Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы және Тереңкөл аудандары, сондай-ақ Павлодар қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңкеде ет және сүт өнімдерінің, көкөністер мен жұмыртқа өнімдерінің кең ассортименті ұсынылды. Атап айтқанда, сиыр еті мен жылқы еті 2 900 теңгеден, қой еті 2 700 теңгеден сатылды. Шикі сүттің литрі 250 теңге, балықтың бағасы 1500-3500 тг/кг, жұмыртқаның ондығы 473 теңге болды.
Қала тұрғындары жаңа жылдық дастарқанға шұжық өнімдерін 800-4000 тг/кг, ірімшікті 1500-4000 тг/кг, сары майды 3000-6500 тг/кг, балды 2500-3000 тг/кг аралығында сатып ала алды.
Көкөніс өнімдері де қолжетімді бағамен сатылды: картоп - 120 теңге, қырыққабат - 130 теңге, сәбіз - 110 теңге, қызылша мен пияздың бір келісі - 130 теңге. Қияр 980 теңгеден, қызанақ 925 теңгеден сатылды. Күнбағыс майының литрі 850 теңге, қарақұмық жармасының бір келісі 250 теңге болды.
Асайын Байханов мұндай сауда алаңдарының бағаны тұрақтандыру мен жергілікті өндірушілерді қолдаудағы маңызын атап өтті.
- Бағалардың қолжетімді, өнімнің сапалы әрі жергілікті өндірістен екенін көріп отырмыз. Мұндай жәрмеңкелер халықты да, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін де қолдаудың маңызды құралы болып табылады және тұрақты түрде өткізілуі тиіс, - деді өңір басшысы.
Одан кейін облыс әкімі толық жаңғыртудан өткен Павлодар қаласындағы бірқатар кітапханаларды аралады. Бұл жұмыстарға бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен 446 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.
Торайғыров көшесі, 44/1 мекенжайындағы орталық қалалық кітапханада күрделі жөндеу мен қайта жоспарлау жүргізілді. Алты айға жуық уақыт ішінде кітапхана ғимараты толықтай жаңартылып, конференц-залдар, заманауи оқу залы және жайлы жұмыс аймақтары пайда болды. Кітап қорын сақтау үшін әрқайсысына 2 мыңға дейін кітап сыятын 12 жылжымалы сөре орнатылды. Қорды есепке алу және оқырмандарға қызмет көрсету үшін арнайы ақпараттық жүйе қолданылады.
Сондай-ақ Асайын Байханов Малайсары батыр көшесі, 2 мекенжайында орналасқан М. Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасына барды. 1968 жылы бой көтерген бұл мекеме шамамен 16 мың оқырманға қызмет көрсетіп, 40 мыңнан астам кітап қорына ие. Мұнда да күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Өңір басшысы жаңартылған кітапханалардың функционалдық мазмұнына ерекше көңіл бөліп, жастарды белсенді тартуды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі пластик, металл, қағаз және шыныны сұрыптап алатын заманауи қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы барысымен танысты.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 4,8 млрд теңгені құрайды. Кешеннің қуаттылығы - жылына 150 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, оның ішінде 20%-ға дейін пластик пен полимерлерді сұрыптап алу көзделген. Жоспарланған қызметкерлер саны - 150 адам.
Қазіргі уақытта нысанда металл құрылымдарын орнату жұмыстары жүргізіліп, жабдықтардың бір бөлігі жеткізілген. Негізгі құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қаңтар айында басталып, келесі жылдың мамыр айында кешенді пайдалануға беру жоспарланған.
Асайын Байханов бұл жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қалдықтарды көму тәжірибесінен оларды қайта өңдеуге көшуге мүмкіндік беретінін айтты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев