Павлодарда облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті

Павлодарда облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті

Павлодарда балаларға арналған мерекелік іс-шаралар жалғасуда. Бүгін өңір басшысының атынан дәстүрлі жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, оған облыстың барлық аудандарынан 100 бала қатысты.
Жаңа жылдық мерекеге жетім балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқу, шығармашылық және спорт салаларында үздік нәтижелер көрсеткен оқушылар шақырылды.

Балаларды келе жатқан Жаңа жылмен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Өздеріңізге сеніңіздер және армандарыңызға батыл қадам жасаңыздар. Әрқайсыңыздың бойыңызда талант бар, ал біздің міндетіміз - сол талантты ашуға көмектесу. Жаңа жыл үлкен жеңістер мен жетістіктердің бастауы болсын, - деді өңір басшысы.

Іс-шараның инновациялық форматта, яғни техно-шырша түрінде өтуі балалар үшін ерекше тосынсый болды. Үлкен LED-экранның көмегімен виртуалды шындыққа ену әсері жасалды. Көрермендер өздерін жоғары технологиялық зертхананың ішінде жүргендей сезінді: мониторлар жыпылықтап, цифрлық кодтар мен ұшқындар пайда болып, дрондардың гуілі естілді. Тіпті басты жаңа жылдық кейіпкер Аяз ата да заманауи бейнеде - ЖИ Аяз ата ретінде көрінді. Онымен бірге сахнада Айтика, АйТрон, дана Жылан, жарқыраған Тұлпар және экран кейіпкері Көлеңке-баг пайда болды.

Іс-шараға қатысқан әрбір бала өңір басшысынан жаңа жылдық сыйлықтар алды: ашық хат, ойыншық, тәттілер, кітап, сондай-ақ 130 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды. Мереке тәтті дастарқанмен аяқталды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев