
Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан дәстүрлі жаңа жылдық шырша - «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» мерекесі өтті. Бұл шара өңірдің жас тұрғындары үшін мерекелік күндердегі ең жарқын оқиғалардың бірі болды.
Еліміздің басты жаңа жылдық мерекесіне 200 бала шақырылды. Олардың қатарында жетім балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқу, спорт және шығармашылық салаларында үздік жетістіктерге жеткен оқушылар болды. Олардың әрқайсысы үшін бұл күн жылулыққа, қамқорлыққа және ғажайыпқа деген сенімге толы нағыз ертегіге айналды.
Облыс әкімі Асайын Байханов балаларды Мемлекет басшысы атынан құттықтады. Ол Президенттің өскелең жас ұрпаққа үлкен үміт артып отырғанын атап өтіп, балаларды «ақталған сенімнің шамшырағы» болуға шақырды.
- Бүгін сіздер Президент атынан өткізіліп жатқан еліміздегі ең басты шырша мерекесіне қатысып отырсыздар. Оқу, спорт және шығармашылықтағы жетістіктеріңіз - Қазақстанның гүлденуі мен болашағының кепілі. Бұл күн сіздер үшін жарқын естелікке айналсын, ал барлық армандарыңыз міндетті түрде орындалсын, - деп атап өтті облыс әкімі.
Балалар үшін Аяз ата, Ақшақар, Тұлпар, Жылан, Бархан, Қызғалдақ, Домбыра және Қазақ елі бейнесі сынды ертегілік әрі этникалық кейіпкерлердің қатысуымен мазмұнды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Көрермендерге Ұлы Дала картасы орталық символға айналған, Отанға деген сүйіспеншілікті, бірлікті, достық пен бейбітшілікті бейнелейтін әсерлі театрландырылған қойылым ұсынылды.
Әрбір балаға Президенттің атынан естелік сыйлықтар табысталды: құттықтау ашықхаты, кітап, жұмсақ ойыншық, тәттілер және 150 мың теңге ақшалай сертификат.
Мерекелік шара тәтті дастарқанмен және жылы жүздесумен аяқталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев