Екібастұзды дамытудың жаңа кезеңі: экономикасы әртараптандырылған өнеркәсіптік орталық

Екібастұзды дамытудың жаңа кезеңі: экономикасы әртараптандырылған өнеркәсіптік орталық

Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шара қаладағы өзекті мәселелерді талқылауға, атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға және алдағы кезеңге басымдықтарды айқындауға арналған ашық алаң болды.

Кездесуді аша отырып, өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалалар мен ауылдарды дамыту - халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы екені туралы сөзін еске салды. Облыс әкімі тұрғындарға белсенді қатысқандары мен азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, халықпен тұрақты диалог жүргізу билік органдарының нақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Асайын Байханов соңғы 3 жылда Екібастұз қаласы мен оның ауылдық аймақтарында өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға шамамен 104 млрд теңге бағытталғанын, әрбір теңге нақты жобалар мен шынайы өзгерістерге жұмсалғанын айтты.

Тұрғындар үшін ең өзекті мәселелердің бірі - инженерлік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінді. Өңір басшысы ұзақ жылдар бойы қалада жылу желілері, су құбырлары мен энергетика нысандарының тозуы өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп келгенін атап өтті.

Үкіметтің қолдауымен апатты жағдайдағы инфрақұрылым желілері жүйелі түрде жаңғыртудан өтті: жалпы ұзындығы 21 км асатын әбден тозығы жеткен 6 жылу магистралі қайта жаңғыртылды, ұзындығы 3,5 км болатын жаңа ЖМ-7/1 жылу магистралі салынды, 100 км астам тозығы жеткен желілер жөнделді. Бұрын жылумен жабдықтауда мәселелер туындаған көшелердің тұрғындары жылу беру маусымының тұрақты өтіп жатқанын атап өтті.

Қаланы жылумен қамтамасыз ететін негізгі нысан - ЖЭО жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылдан бері мұндағы жөндеу жұмыстарына 80 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Абаттандыру да маңызды бағыттардың бірі болды. 3 жыл ішінде көше жарығын қосу жұмыстары 6 кезеңде жүзеге асырылып, қалада 12 мыңнан астам жарық шамдары орнатылды. 186 аулада балалар мен спорт алаңдары салынды, әлеуметтік нысандардың кіреберіс жолдары ретке келтірілді, 194 аула аумағына асфальт төселді, 92 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолдары салынды.

Әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды даму үстінде. 2023-2025 жылдары әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеу жұмыстарына 11 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 7 млрд теңге демеушілердің қаражаты. «Самғау» балалар шығармашылығы үйі салынды, Шідерті ауылындағы балабақша қайта жаңғыртылды, Атығай ауылында мектеп құрылысы жүргізілуде. 2026 жылы №21 және №35 мектептерді, Сарықамыс ауылындағы мектепті жаңарту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа балабақша ашу, сондай-ақ ауылдық аймақтарда жаңа медициналық пункттер салу жоспарланып отыр.

Жол инфрақұрылымы да басым бағыттардың қатарында. 2025 жылы 240 мың шаршы метр асфальт төселіп, 123 мың шаршы метр қиыршық тас жолдар жөнделді. 2026 жылы қаладағы негізгі магистральдарды жөндеуге басымдық беріледі және бұл мақсатқа 2 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ облыс әкімі Екібастұздың стратегиялық дамуы туралы да баяндады.

- Екібастұз әрдайым кеншілер мен энергетиктердің қаласы ретінде танымал болды. Алайда бүгінде қала стратегиялық тұрғыда дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда: экономика дәстүрлі салалар шеңберінен шығып, жаңа деңгейге көтерілуде. Металлургия, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешендер тұрғындардың, әсіресе жастардың кәсіби дамуы үшін кең мүмкіндіктер жасай отырып, өсу драйверлеріне айналуда, - деді Асайын Байханов.

Соңғы 3 жылда Екібастұз МАЭС-1 станциясының №1 энергия блогы жаңғыртылды, «Богатырь Көмір» кәсіпорнында циклді-ағынды технология енгізілді, жылыжай кешені іске қосылды, 2 жаңа ферроқорытпа зауыты ашылды. Бұл жобалар 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрып, инфрақұрылымды нығайтып, халық үшін тұрақты табыс көзін қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта жалпы құны 6,2 трлн теңге болатын 21 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 9 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Келесі жылы үшінші ферроқорытпа зауытының құрылысы, бандаждар мен соғылған бұйымдар өндіретін кешеннің құрылысы, сондай-ақ «Қазтомат» жылыжай кешенін кеңейту сияқты тағы 6 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Кездесуді қорытындылай келе, Асайын Байханов қаланы дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру аяқталғанын атап өтті: 100 млрд теңгеден астам қаражат игеріліп, 114 іс-шара жүзеге асырылды. Екібастұзды дамыту жұмыстары тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, жүйелі әрі ашық түрде жалғасатын болады.

Кездесу сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша түсініктемелер алып, қаланың одан әрі дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев