Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, шаһардағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, шаһардағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Ең алдымен облыс әкімі мемлекеттік «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) кезегінде тұрған азаматтарға арналған 2-ші шағын ауданда салынған жаңа тұрғын үйлерге қоныстандыру үдерісін тексерді. Жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 180 пәтерлі үш үй 2025 жылдың жазында пайдалануға берілген. Алайда бүгінгі таңда тұрғын үйлердің 50%-ға жетер-жетпес бөлігі ғана іске асырылған. Бұған себеп - ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ЖАО кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үйді бөлу функциясы берілген «Отбасы банк» тарапынан өтінімдерді қарау барысында орын алған кідірістер, соның ішінде ақпараттық жүйелерді біріктіру кезіндегі техникалық ақаулар.

Өңір басшысы пәтерлерді аралап көріп, олардың заманауи жайлы өмір сүру талаптарына сәйкестігін бағалады және кезекте тұрған азаматтардың көптен күткен баспаналарына мүмкіндігінше тезірек қол жеткізуі үшін жауапты органдарға банкпен бірлесіп тіркеу мен өтінімдерді тексеру үдерістерін жеделдетуді тапсырды.

Одан кейін өңір басшысы М. Жүсіп көшесі, 126 «А» мекенжайында орналасқан, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қайта жаңғыртылып жатқан балабақшаға барды. Жоба «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Құны 1,3 млрд теңге болатын жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асатын 150 орындық мекеме бұрын қараусыз қалған ғимараттың негізінде құрылуда. Қазіргі таңда нысанда сыртқы инженерлік желілерді тарту, едендерді бөлшектеу, жылыту жүйесін орнатуға дайындық және терезелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Асайын Байханов барлық құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне қатаң бақылау жүргізу қажеттігін атап өтіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қауіпсіз, заманауи әрі қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев