
Өңірде барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,8% құрады.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,5 трлн теңгеден асты және бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға жоғары. Өсім сумен жабдықтау, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ электрмен жабдықтау салалары есебінен қамтамасыз етілді. Қалалар мен аудандарда көрсеткіштердің төмендеуі тіркелген жоқ. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 4,0 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 8,2%-ға артып, 523,2 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 107,3% деңгейінде болжануда.
Инвестиция тарту бойынша жоғары қарқын байқалады - өңір экономикасына 1,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, өсім 150,1%-ды құрады. Жыл соңына дейін инвестициялар көлемін 1,2 трлн теңге деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 398,8 млрд теңгеге жетіп, 21,4% өсімді құрады. 395 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспарды орындау үшін әлі де 175 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қажет.
Ішкі сауда көлемі 17,2%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгені құрады. Бөлшек сауда айналымының өсімі - 7%, көтерме сауда - 25%. Көлік және байланыс салаларындағы өсім 9,7% және 9,1% болды.
Бюджеттің орындалуы бойынша 15 желтоқсанда облыс кірістері 95,3%-ға, шығыстары 89,6%-ға орындалды. Жыл қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы 97,8% деңгейінде болжануда.
- Әкімдер мен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджеттік қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Барлық төлемдер 29 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс, - деді өңір басшысы.
Сондай-ақ 2026 жылға арналған бюджетті қалыптастыру тәсілдері жеке атап өтілді.
- Бюджетті жоспарлау кезінде ең алдымен басым бағыттағы шығыстарды ескеру қажет. Күрделі және стратегиялық жобаларды қаржыландыру нақты әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың резервтерін қалыптастыруға ерекше назар аудару тапсырылды. Облыс әкімі резервтер төтенше жағдайлардың нақты тәуекелдерін ескере отырып, жауапкершілікпен жоспарлануы қажет екенін айтты.
Сондай-ақ өңір басшысы инфрақұрылымдық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын аяқтау, Павлодар мен Екібастұздың арнайы индустриялық аймақтарын дамыту, облыстық филармонияға күрделі жөндеу жүргізуге және музыкалық жабдықтарын жаңартуға бюджеттік өтінім дайындау және басқа да бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлік және сауда, ауыл шаруашылығы басқармаларына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп жаңа жылдық жәрмеңкелер ұйымдастыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылауды күшейту тапсырылды.
- Барлық тапсырмалар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Бақылау қатаң болады, - деп қорытындылады облыс әкімі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев