Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен ауданына барып, іске асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік жобалардың барысымен танысты

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен ауданына барып, іске асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік жобалардың барысымен танысты

Ең алдымен аймақ басшысы аудан орталығында салынып жатқан жүзу бассейнін қарап шықты. Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Ғимараттың жалпы аумағы 700 шаршы метрден асады, бассейннің аумағы – 175 шаршы метр, тереңдігі 1,4 метрден 2 метрге дейін. Құрылыс жұмыстарына 565,9 млн теңге бөлінді.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 95%-ы аяқталды. Соңғы сатыдағы жұмыстар жүргізілуде: электр сымдарын жүргізу, қабырғалар мен еденге кафель төсеу, бассейннің қабырғасына сылақ жасау, металл құрылымдарды өртке қарсы қорғаныш жабынмен бояу, сондай-ақ инженерлік және технологиялық жабдықтарды орнату. Құрылысты толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Облыс әкімі барлық құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ Асайын Байханов Успен ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектепте жүргізілген күрделі жөндеу мен жабдықтау нәтижелерімен танысты. Мұнда мектепалды даярлықты қоса алғанда 380-нен астам бала білім алады, оның ішінде 26 бала – мектепалды даярлық тобында.
Биыл «Қазақстан халқына» қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында оқу орнына заманауи материалдық-техникалық жабдықтар жеткізілді.
Сонымен қатар облыстық бюджеттен 203,1 млн теңге бөлініп, мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстары инженерлік желілерді, жылу, желдету, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау жүйелерін және өрт дабылын жаңартуды қамтыды. Оқу кабинеттерін жабдықтауға 250 млн теңге бөлінді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аймақ басшысы жылумен жабдықтау жүйесінде қосымша жабдықтың талапқа сай емес орнатылғанына ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді жоюды, мектептің материалдық базасын одан әрі дамытуды, сондай-ақ мектеп ғимаратының аумағын абаттандыру және қасбетін жаңарту бойынша жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру мүмкіндігін қарастырып, пысықтауды тапсырды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев