
Бүгін Успен ауданында облыс әкімі Асайын Байхановтың тұрғындармен ашық диалог форматында өткен тұрақты кездесуі өтті. Кездесудің мақсаты — ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талқылау және тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдау.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесулер нақты қажеттіліктерді ескере отырып, даму жоспарларын уақытылы түзетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Успен ауданы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң серпін көрсетуде. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 28 млрд теңгеден асты, ал өсімдік шаруашылығы саласындағы өсім 7,3% құрады. Қайта өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 1 млрд теңгеге жуықтады.
Сонымен қатар тұрғындарға инвестиция тарту туралы ақпараттар айтылды. Жыл басынан бері аудан экономикасына 11 млрд теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, 500 га жерді суармалы алқапқа айналдыру және оны кейіннен 1000 га дейін ұлғайту, 500 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу, сондай-ақ қуаттылығы 7,5 мың тонна болатын картоп пен көкөніс сақтайтын қойма құрылысы көзделіп отыр. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп, аудандағы жұмыссыздық деңгейін 4% шамасында ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындары көтерген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты болды. Биыл облыстық бюджет есебінен 3 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, келесі жылы тағы бір білім беру мекемесін жаңғырту жоспарлануда. Ауданның денсаулық сақтау саласына 10 дәрігер келді, 5 ауылда заманауи медициналық пункттер салынды, санитарлық автокөліктер толығымен жаңартылды, медициналық жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Ашық диалог аясында тұрғындар бұрын көтеріліп, шешімі табылған мәселелерді де еске салды. Мәселен, 2026 жылы Қоңырөзек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланып отыр — бұл мәселе өткен жылғы кездесуде тұрғындардың тарапынан көтерілген болатын. Сондай-ақ көп жылдан бері айтылып келе жатқан Успен ауылында бассейн салу мәселесі талқыланды. Облыс әкімі аталған нысанның құрылысы аяқталу сатысында екенін жеткізді.
Инфрақұрылым мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Биыл бес ауылда 8,8 км автокөлік жолдары жөнделді, балалар және спорт алаңдары орнатылды. Ауданның барлық елді мекендері 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Келесі жылы ауданның дамуына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылған.
Байланыс саласы бойынша ауданның барлық 20 ауылы 3G және 4G стандартындағы мобильді интернетпен қамтылғаны, сонымен қатар сигналды күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Кездесу соңында облыс әкімі ауыл тұрғындарының барлық өтініштері мен ұсыныстары тіркеліп, бақылауға алынғанын айтты. Бірқатар мәселелер бойынша жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Халықпен тұрақты кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев