Тәуелсіздік күні: Павлодарда желтоқсан оқиғасы құрбандарының рухына тағзым етілді

Тәуелсіздік күні: Павлодарда желтоқсан оқиғасы құрбандарының рухына тағзым етілді

Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, қоғам өкілдері, мәдениет қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, күштік құрылымдардың өкілдері, депутаттар, дін өкілдері, сондай-ақ өңір тұрғындары қатысты.

Жиналғандар Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен, желтоқсан оқиғаларына қатысқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Халқымыздың дербес даму жолын қорғап қалған ұлттық батырларға деген шексіз құрмет пен алғыстың белгісі ретінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалына гүл шоқтары қойылды.

1991 жылғы 16 желтоқсанда ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуына жол ашқан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігі туралы» Заң қабылданды.

Қазақстанның тәуелсіздігі туралы тарихи шешім әлемдік қауымдастық тарапынан да мойындалды. Республиканың егемендігін алғашқы болып мойындаған Түркия елі болды. Одан кейін Қазақстанның тәуелсіздігін АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция және басқа да мемлекеттер мойындады.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев