
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерінің сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.
– Ашық диалог бізге халықтың нақты қажеттіліктерін білуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі кездесу басында.
Соңғы жылдары Баянауыл айтарлықтай серпін алды: экономикасы нығайып, жалпы құны 30 млрд теңгеден асатын 150-ден астам жоба жүзеге асырылды. Тек биылдың өзінде аудан 17 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, бұл 1514 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында тұрғындар аудан жолдарының жөндеу жұмыстары жалғаса ма деген сұрақтар қойды. Өңір басшысы барлық деңгейдегі 280 шақырымнан астам жолға асфальт төселгенін айтты. Маңызды жобалардың бірі – Екібастұз-Майқайың тас жолының күрделі жөндеуі. Облыс әкімі бұл жұмысты келер жылғы туристік маусым басталғанға дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Бұхар жырау-Мұса Шорман жолының жөндеу жобасы әзірленуде.
Ауыл тұрғындары елді мекендерді абаттандыру мәселесін де көтерді. Майқайың кентінде барлық көшелер толық жаңартылып, 11 аула абаттандырылды. Биыл ауданның табиғи келбеті де өзгерді: Сабындыкөл көлінің жағалауы ондаған архитектуралық элементтермен жаңа туристік орталыққа айналды және Баянауылда заманауи бақылау алаңы ашылды. Сонымен қатар, 20 балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Бұған дейін кейбір ауылдарда сумен жабдықтау мәселесі орын алғандықтан, бұл тақырып та тұрғындар үшін маңызды болды. Өңір басшысы бүгінде ауданның барлық елді мекендері 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілгенін және бұл шын мәнінде маңызды жетістік екенін атап өтті. Су жүйелерін қайта жаңғырту бойынша қосымша екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Ж.Аймауытов, Үйтас және Шонай ауылдарындағы жұмыстардың бір бөлігі аяқталды, қалған бөлігін мердігерлер алдағы айларда аяқтайтын болады. Аймақ басшысы жұмыстардың сапасына бақылау қатаң болатынын атап өтті.
Әлеуметтік салада да көптеген жұмыстар атқарылды. Үш жылдың ішінде 10 мектепке күрделі жөндеу жасалды, білім беру мекемелеріне 5 автобус берілді, денсаулық сақтау саласында 8 нысан жаңартылып, 10 санитарлық көлік сатып алынды. Ауданның мәдени өмірі де жаңарып келеді — 7 ауылдық мәдениет үйі жөндеуден өтті, Ақши ауылында заманауи мәдениет орталығы ашылды, ал спорт инфрақұрылымы «Баянауыл ARENA» кешені және үш шағын-футбол алаңымен толықты.
Кездесу барысында байланыс мәселесі де қозғалды. Қазір 38 ауылдың 34-і интернетке қосылған, қалғандары 2027 жылға дейін қосылады. Жыл сайын туристер ағыны артып келе жатқан Жасыбай көлінің маңына қосымша 4G станциясы орнатылды.
Тұрғындар алдағы уақыттағы жобалармен де бөлісуді сұрады. Облыс әкімі Жұмат Шанин ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатқанын, жақында Жаңатілек ауылында жаңа спорт кешені және Баянауыл ауылында әскери бөлімше ашылатынын айтты. Сонымен бірге ауданның туристік инфрақұрылымының маңызды бөлігі болатын визит-орталықтың құрылысы жалғасуда.
Асайын Байханов келер жылға жоспарланған жобаларға да ерекше тоқталып өтті. Ауданның одан әрі дамуына облыстық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді. Жаңатілек ауылында 2 мың га жер сумен қамтамасыз етіледі, бұл жылына 3 мың тонна мал азығын өсіруге мүмкіндік беріп, фермерлік шаруашылықтарға жаңа серпін береді. Көкдомбақ ауылында жаңа көпірдің құрылысы басталады — әкім жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Баянауыл ауылында 140 орындық балабақша салынады, ал Жаңатілек және Үшқұлын ауылдарының мектептері күрделі жөндеуден өтеді. Майқайыңда «Алтыналмас» компаниясымен бірлескен «Шанхай» шағын ауданындағы 76 үйді сатып алу және мешіт ғимаратын реконструкциялау бойынша ірі жобалар жалғасады. Сондай-ақ кентте 7 аула абаттандырылып, жаңа өнер мектебінің құрылысы басталады.
Өңір басшысы барлық жоспарлар тұрғындар өз өмірлерінде өзгерістерді сезінген кезде ғана мағыналы болатынын атап өтті. – Біздің сөзіміз қағаз жүзінде қалмауы тиіс. Әрбір адам нәтижені көруі маңызды, – деді өңір басшысы.
Кездесудің соңында Асайын Байханов оң динамикаға қарамастан, аудан әкімдігіне халық санын арттыру, инвестиция тарту және жас мамандарды шақыру бағытында жұмыстарды жалғастыру қажет екенін атап өтті. Мұндай кездесулер тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, жұмыстарға дер кезінде түзету енгізуге мүмкіндік беретін негізгі құрал екенін жеткізді.
Сонымен қатар өңір басшысы ауданның белсенді тұрғындарына – еріктілер мен меценаттарға алғысын білдіріп, ауданның дамуы жолында әрбір жанның үлесі маңызды екенін ерекше атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев