Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданының тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданының тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Кездесу барысында өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды қолдауға бағытталған тапсырмаларын орындау негізгі басым бағыттардың бірі екенін, ал халықтың пікірі – билік жұмысының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

Асайын Байханов ауданның дамуына қосқан үлесі үшін тұрғындарға алғыс айтып, конструктивті диалогқа ашық екенін және кез келген мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.

– Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Биыл аудандарыңызға бірнеше рет келіп, фермерлермен кездесулер өткіздім. Маңызды нысандарды аралап, тиісті тапсырмалар бердім. Ал бүгін атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерді айқындайтын боламыз, – деді өңір басшысы.

Асайын Байханов Шарбақты ауданының барлық макро көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетіп отырғанын атап өтті. Дегенмен келесі жылы жұмыстар күшейтіледі, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен сумен жабдықтау бағытында. 2026 жылы ауданда бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарлануда. Солардың бірі «BelAgro Group» ЖШС-нің Шарбақты ауылында 500 га суармалы алқапты іске қосу жобасы, инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Назаровка ауылында бірден 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда: 600 га суармалы алқапты іске қосу, 6000 тоннаға арналған көкөніс қоймасы және 600 бас малға арналған тауарлы-сүт фермасы.
Жаңа жұмыс орындарының ашылуы және шағын бизнестің дамуы нәтижесінде жұмыссыздық 4,1% деңгейінде сақталып отыр, бұл облыстағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Ауданның туризмді дамыту үшін табиғи әлеуеті жоғары. 2025 жылғы маусымда Маралды курорттық аймағына 40 мыңнан астам адам келді. Бұл бағытта курорттық аумақты жүйелі түрде жаңғыртуға дайындық жұмыстары басталды: аймақтарға бөлу схемасы әзірленді, алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Жыл сайын мыңдаған адамдар зиярат етуге келетін Ғабдул Уахит Хазірет кесенесі орналасқан «Ертіс Орманы» аймағында эко - және этнотуризм белсенді дамып келеді. Облыс әкімі туризмге инвестициялар тарту жұмысын жандандыруды, соның ішінде «Қарағай алаңы» қонақ үй жобасын дамыту қажеттігін тапсырды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту жұмыстары да жалғасуда. Алексеевка ауылындағы шағын-орталыққа, Красиловка ауылындағы мектепке және Шарбақты ауылындағы «Балдәурен» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізілді, оқу кабинеттері жаңа үлгіде жабдықталды. Денсаулық сақтау саласында барлық ауылдық округтер санитарлық көліктермен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың өтініші бойынша Шарбақты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жүргізуге және ауылдың оңтүстік жағында жаңа спорт кешенін салуға 300 млн теңге бөлінді. Маңызды әлеуметтік қадамдардың бірі 110 пәтерлі үш көпқабатты үйдің салынуы болды, бұл аудан тұрғындарының кезегін екі есе қысқартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар өңір басшысы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына белсенді атсалысып жүрген аудан азаматтарының елеулі үлесін атап өтті. Мәселен, меценат Виталий Соломкин ауданға жаңа сквер, хоккей корты және балалар ойын алаңын сыйға тартты, Владимир Поляков, Сергей Белявский және Виктор Григер әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде демеушілік көмек көрсетіп, тұрғындарға қолдау білдіріп келеді.

Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі саласы болып қала береді: ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асты және бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,2% жоғары, ал өсімдік шаруашылығында 7,8% өсім байқалып, 16 млрд теңгеге жетті. Ауданның 12 шаруа қожалығы мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды.

Инфрақұрылымды дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Биыл бюджет есебінен Жылыбұлақ, Шарбақты, Есілбай, Красиловка, Сахновка және Малиновка елді мекендерінде 14 км ауылішілік көшелер жөнделді, төрт балалар және спорт алаңы орнатылды. Келесі жылы Назаровка ауылына баратын жолды асфальттау және Тәуелсіздік, Поляков және Толстой көшелерін жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар орталықтандырылған су жүйесіне қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде: Шарбақты, Хмельницкое, Галкино, Маралды, Сосновка және Жылыбұлақ ауылдарын қоса алғанда, 18 ауыл тұрғындары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Нәтижесінде, аудан халқының 95%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Келесі жылға ауданның дамуына облыстық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінді.

Байланыс сапасы да жақсара түсуде. «250+» бағдарламасы аясында Арбиген, Шегірен және Жаңауыл ауылдарында қамту деңгейі күшейтілді, Жылыбұлақ, Малиновка және Садық-Ащы ауылдарында жаңа базалық станциялар орнатылды, Сынтас ауылында байланыс мұнарасының құрылысы басталды. Бұл ретте аудан басшылығы халық санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізетін болады. Көші-қон көрсеткіштері: сыртқы көші-қон – 9 адам, өңіраралық – 889, ішкі – 221 адамды құрады. Бұл жұмыста басқа өңірлерден қоныс аударушыларды тартуға және жас мамандарды шақыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Кездесу соңында Асайын Байханов айтылған көрсеткіштер – аудан тұрғындары көріп отырған нақты өзгерістер екенін атап өтті. Ауыл тұрғындары жол, су, байланыс және әлеуметтік қызметтер туралы көптеген сұрақтар қойды. Ашық диалогтың қорытындысы бойынша облыс әкімі тиісті ведомстволарға тапсырмалар беріп, ал тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауаптар алды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев