Екібастұз - әлемдік металлургияның жаңа орталығы: «EkibastuzFerroAlloys» зауыты іске қосылды

Екібастұз - әлемдік металлургияның жаңа орталығы: «EkibastuzFerroAlloys» зауыты іске қосылды

Қазақстанда тағы бір жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайда болды. Бүгін Екібастұзда ферросилиций өндіретін әлемдегі ең ірі және ең заманауи кәсіпорындардың бірі — «EkibastuzFerroAlloys» зауытының салтанатты ашылуы өтті.

Бұл жоба — индустрияландыру аясындағы кезекті нысан емес. Ол жоғары технологияларға, экспортқа және өңірлердің тұрақты дамуына негізделген Қазақстанның жаңа экономикалық дәуірінің символына айналды.

Өңірге тартылған инвестициялар мен жаңа серпінді өндірістердің іске қосылуының арқасында Павлодар облысы 2027 жылға қарай республикалық субвенцияларды алудан бас тартып, қаржылық дербестікке қол жеткізуді және алдағы уақытта донор-аймақ мәртебесін алуды жоспарлап отыр.

Зауыттың құрылысына 92 млрд теңге инвестиция бағытталды. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы — 240 мың тонна жоғары сапалы FeSi75 ферросилиций өнімі. Бұл өнім әлемде болат, шойын және алюминий қорытпаларын өндіру үшін жоғары сұранысқа ие.
«EkibastuzFerroAlloys» зауытының іске қосылуы Қазақстанның ферросилиций өндірісі бойынша әлемнің ҮЗДІК-2 елінің қатарына енуге мүмкіндік береді, осылайша еліміздің жаһандық металлургиядағы жетекші позициясын нығайта түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жобалардың маңыздылығын атап өтіп: «Мемлекетіміздің мықты болуы үшін алдымен өңірлеріміз мықты болуы керек. Қазақстанды дамыған өнеркәсібі бар мемлекетке айналдыру біз үшін аса маңызды», - деген болатын. Жаңа зауыттың іске қосылуы осы сөздердің нақты дәлелі. Кәсіпорын өңір дамуына қуатты серпін беріп, Екібастұз қаласының экономикалық өсімінің негізгі тетіктерінің біріне айналады.

Зауыттың ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты. Өңір басшысы бұл жобаның стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, оның ел Президенті айқындаған негізгі міндеттер — шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, қайта өңдеу секторын жедел дамыту және өңірлік экономиканың жаңа драйверлерін қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.

— Өткен айда біз Екібастұзда жұмыс істейтін үш ферроқорытпа зауытының біреуін іске қостық. Ал бүгін «EkibastuzFerroAlloys» зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл — өңірімізде толыққанды металлургиялық кластер қалыптастыруға және облыстың индустриялық дамуының жаңа кезеңін бастауға жасалған тағы бір үлкен қадам. Бұл Қазақстанды ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына шығаруға мүмкіндік береді, — деді Асайын Байханов.

Жоба 2022–2025 жылдары жүзеге асырылды және еліміздің өнеркәсіптік орталығының бірі — Екібастұзды дамыту жоспарының негізгі элементіне айналды. Құрылыс кезеңінде кәсіпорын 1,5 мың адамды жұмыспен қамтыса, іске қосылғаннан кейін жоғары еңбекақы мен кәсіби өсу мүмкіндіктері бар 800-дей тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жоба акционерлерінің бірі Давид Кемертелидзенің айтуынша, зауыт бастапқыдан-ақ жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған кәсіпорын ретінде жобаланған: «Өнім 52 елге экспортталады. Қазақстанның үлес деңгейі - 96%, бұл жоғары деңгейдегі локализацияны және отандық өндірушілерге деген сенімді көрсетеді». Осылайша, жоба Қазақстанның экспорттық әлеуетін ғана емес, сонымен бірге ішкі инженерлік-технологиялық базасын да нығайтады.

Зауыттың басты мақтанышы — әрқайсысының қуаттылығы 94,5 МВА болатын төрт инновациялық рудотермиялық электр пештері. Бұл — әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ соңғы үлгідегі жабдықтар.

Акционер Ерлан Нығматулиннің айтуынша, кәсіпорын «жасыл металлургия» қағидаттарына негізделген және ең озық экологиялық технологияларды қолданады: «Газды тазарту 99,8% деңгейінде. Барлық шығатын газдар көпсатылы сүзгі жүйесінен өтеді, ал жиналған шаң құнды қосалқы өнім — микрокремнезем болып қайта өңделіп, әлемдік нарықтарға экспортталады». Мұндай модель қоршаған ортаға әсерді барынша азайтып, зауытты өз санатындағы ең экологиялық кәсіпорындардың біріне айналдырады.

«EkibastuzFerroAlloys» зауытының іске қосылуы индустриалды Екібастұздың тарихында жаңа кезеңді ашады. Энергетика және көмір өндірісімен танымал қала бүгінде энергия, металлургия, машина жасау және цифрлық технологиялар тоғысқан көпсалалы өнеркәсіп орталығына айналуда.

Жаңа зауыт тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, инженер кадрларын дамытып, инновациялар енгізіп және жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыра отырып өңірдің индустриялық дамуының тірегіне айналады.

Сонымен қатар, кәсіпорын өңір бюджетіне елеулі үлес қосады, шағын және орта бизнестің, логистика мен сервистік қызметтердің дамуына серпін береді.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев