Павлодар облысының үздік диқандарына мемлекеттік наградалар табысталды

Павлодар облысының үздік диқандарына мемлекеттік наградалар табысталды

Бүгін Естай атындағы мәдениет сарайында павлодарлық ауыл шаруашылығы саласының өкілдері өздерінің кәсіби мерекелерін - ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнін атап өтті. Іс-шараға өңірдің түкпір-түкпірінен фермерлер, шаруашылық басшылары және сала мамандары жиналды.

Мереке аясында «Ертіс Ырысы - 2025» көрмесі өтті. Көрмеде агроөнеркәсіп кешенінің заманауи технологиялары: жаңа ауылшаруашылық техникасы, суару жүйелері, жасанды интеллектпен жабдықталған дрондар және роботтандырылған кешендер таныстырылды.

Облыс әкімі Асайын Байханов аграршыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өңір дамуына қосып жатқан елеулі үлесін атап өтті.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, Павлодар облысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша стратегиялық міндеттерді сенімді түрде жүзеге асыруда. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне салынған инвестициялар көлемі 250 млрд теңгеден асады — бұл облысқа тартылған барлық қаржының 1/5 бөлігі. Майлы дақылдардың егіс алқабы 519 мың гектарға дейін ұлғайтылды және бұл жалпыұлттық көлемнің 27% құрайды. Суармалы жерлердің ауданы 89 мың гектарға жетті. 1 млн тонна картоп жиналып, сүт өндірісі 220 мың тоннаға жетті, облыс Қазақстан бойынша алғашқы үштікке енді. Осы жетістіктердің барлығы — сіздердің кәсібиліктеріңіздің, табандылықтарыңыздың және туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіздің нәтижесі, – деп атап өтті өңір басшысы.

Мереке құрметіне орай 35 ауыл шаруашылығы өндірушісі мемлекеттік наградаларға ие болды.
«Қайрат» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Шапуовқа «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. «Жаңа-Қала» ЖШС директоры Қайрат Тұрлыбаев «Парасат» орденімен марапатталды. «Акжар Өндіріс Агрофирма» ЖШС директоры Айтмұхамбет Қожабековке, «TurkeyPVL» ЖШС директоры Ербол Досыбаевқа және «Ива» ЖШС директоры Ерболат Мұхатаевқа «Құрмет» ордені табысталды.

«ASTYK-PV» ЖШС-нің сауу аппаратының операторы Наталья Притыка және «Құндыз» шаруа қожалығының басшысы Игорь Щербак III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. «Agro Terra» ЖШС директоры Ербол Әлібековке, «Astyk PV» ЖШС директоры Руслан Бақауовқа және «Замандас» шаруа қожалығының агрономы Дәулет Бәкішевке «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.

«Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Хайрулла Талиповқа және «Нурас» шаруа қожалығының басшысы Жеңіс Қанапьяновқа «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атағы берілді.

Сонымен қатар, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан үздік мамандар: агрономдар, механизаторлар, сауыншылар мен комбайн жүргізушілері облыс әкімінің Құрмет грамоталары, алғыс хаттары, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекелік іс-шара жарқын концертпен аяқталды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев