
Бүгін облыс әкімдігінде әлеуметтік-экономикалық даму және 10 айдағы бюджеттің орындалу қорытындылары, сондай-ақ автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өңір негізгі макрокөрсеткіштердің сенімді өсімін көрсетіп отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,1%-ды құрады, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,1 трлн теңгеге жетті, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 50%-дан астам өсіп, 1 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 427,1 млрд теңгеге жетті, өсімдік шаруашылығы 11%-дан астам өсім көрсетті, құрылыс көлемі 22,6%-ға артып, 356,8 млрд теңгені құрады, 305 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс орталығы мен алты аудан оң динамиканы көрсетті. Сонымен қатар, облыс әкімі Аққулы, Павлодар және Май аудандарындағы негізгі көрсеткіштердің төмендеуіне назар аударды. Железин ауданында тек төрт көрсеткіш қана оң динамиканы көрсетіп отыр.
- Осы кезеңде біз тұрақты оң динамикаға қол жеткіздік, алайда бұл барлық өңірлердің үйлесімді жұмысына, тәртіпке және экономикалық көрсеткіштердің орындалуына байланысты. Жылдың аяқталуына бір айдан сәл ғана астам уақыт қалды, яғни, бұл барынша үйлесімді және нақты жұмыс істеуді талап етеді, - деп атап өтті өңір басшысы.
Облыс әкімі барлық әлеуметтік-экономикалық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді, өсім қарқынын сақтауды және проблемалық бағыттар бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.
1 қарашадағы жағдай бойынша облыстық бюджет кірістері 351,6 млрд теңгені (жоспар бойынша 343,2 млрд теңге) құрады (102,4%). Барлық өңірлер өз кірістері бойынша жоспарды артығымен орындады. Өткен жылмен салыстырғандағы түсімдердің өсімі - 117,2%.
Бюджет шығыстары 99% деңгейінде игерілді (514,4 млрд теңге). Павлодар облысы 10 айдағы бюджеттің орындалуы бойынша бірінші орынға тұрақтады. Қалалар мен аудандардың бюджеттері 99,5%-ға орындалды.
- Бұл өңірдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын көрсетеді. Жыл қорытындысы бойынша бюджетті 99%-дан кем емес деңгейде игеріп, негізгі бағыттар бойынша төмендеуге жол бермеу қажет, - деді Асайын Байханов.
Автокөлік жолдарының қысқы кезеңге дайындығы да өзекті мәселелер қатарында. Жергілікті маңызы бар 3 852 км жолды күтіп ұстауға 2,3 млрд теңге бөлінді. 39 мердігерлік ұйыммен келісімшарт жасалып, 11,2 мың тонна көктайғаққа қарсы материал және 632 тонна жанар-жағармай дайындалды, 309 бірлік арнайы техника әзірленді және жолдарды толық қамтитын 188 жылыту пункті дайындалды.
Сонымен қатар, Асайын Байханов аудандық маңызы бар автокөлік жолдарында МТЗ базасындағы тракторлар жұмылдырылғанын, ал 29 бірлік арнайы техниканың жолды жедел тазалауға жеткіліксіз екенін атап өтті.
Осыған байланысты аудандық жолдардағы арнайы техниканың санын арттыруды, қардан қорғайтын қалқандарды көбейтуді, сондай-ақ қар басатын 115 учаскені ерекше бақылауға алуды, ал жедел штаб пен төтенше жағдайлар департаментіне жолдарды жабу және ашу жөніндегі шешімдерді жедел түрде қабылдауды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев