
Павлодарда еліміздегі ең көне театрлардың бірі – Антон Чехов атындағы облыстық драма театрының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Театр тарихы 1945 жылдың 6 қарашасынан бастау алады. Сол күні алғаш рет театрдың шымылдығы түріліп, көрермендер Александр Корнейчуктың «Платон Кречет» пьесасының желісімен сахналанған спектакльді тамашалады. Осылйша Чехов театрының жарқын қойылымдарға және танымал есімдерге толы даңқты шығармашылық жолы басталды.
Театрдың қалыптасуы мен дамуына белгілі театр қайраткерлері – В. Ермаков, В. Кузенков, И. Райский, Е. Еникеев зор үлес қосты. Әр жылдары театр сахнасында Қазақ КСР-інің халық әртісі К. Струнина, Ресейдің халық әртістері О. Афанасьев, П. Монастырский, А. Булдаков, В. Еремин, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Ф. Миронова, И. Чистяков, Ю. Калашников және басқа да көптеген әртістер өнер көрсетті.
Сексен жылдық театр тарихында шамамен 15 миллион көрермен тамашалаған 600-ден астам пьеса сахналанып, 50 мыңнан астам спектакль қойылды. Бүгінде театр ұжымы өз дәстүрлерін сақтап, заманауи театр өнерін дамыту жолында еңбек етуде. Театр репертуарында отандық және шетелдік драматургиядан 50-ден астам қойылым бар.
Театр тарихында Теодор Драйзер романының желісі бойынша Раймонд Паулстың музыкасымен қойылған алғашқы қазақстандық «Сестра Керри» (2004 жыл) мюзиклі ерекше орын алады. 2000 жылы театрда эксперименттік және авангардтық спектакльдер қойылатын шағын сахна ашылды.
Қазіргі уақытта театрдың шығармашылық құрамында 42 актер бар. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, сахна ардагерлері және жас таланттар бар.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов театр ұжымын мерейтойымен құттықтады:
- Біз қаламыздың нағыз мақтанышы саналатын театрдың мерейтойын атап өтудеміз. 80 жыл - бұл шығармашылыққа, өнерге деген адалдық және шынайы достыққа толы тұтас бір дәуір. Жыл сайын 165-тен астам спектакль қойып, 40 мыңнан астам көрермен жинау - халықтың театрға деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі. Бүгін өз ісіне жүрегі мен жанын салып еңбек етіп жатқан актерлерге, режиссерлерге, суретшілерге және театрдың барлық қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, - деді өңір басшысы.
Өңір басшысы құттықтауын Шәкен Аймановтың «Театр - адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген сөзімен түйіндеді.
Мерейтой құрметіне орай бірқатар театр қызметкерлері марапатқа ие болды. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен актрисалар Нина Макарова мен Ольга Светенкова марапатталды.
Актерлерге, актрисаларға, грим жасаушыларға, балетмейстерге, аудармашыға және костюм цехының жетекшісіне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.
ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен актрисалар Ольга Денисова мен Светлана Хорошилова марапатталды.
Татьяна Головатенко, Максим Торeев, Марсель Пироженко және Денис Шмигель «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алды.
ҚР мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен актриса Светлана Васильева марапатталды.
Көптеген жылдар бойы театрды басқарған және оның дамуына зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Виктор Аввакумовқа ерекше алғыс сөздер айтылды.
Мерейтойлық кеш «Признание в любви» шоу-спектаклінің премьерасымен аяқталды. Бұл қойылым актерлердің өз көрерменіне және сүйікті театрына деген шынайы ілтипатының көрінісі болды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев