
Бүгінде Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда 280 адам еңбек етуде – әртістер, музыканттар, режиссерлер және техникалық қызмет мамандары. Мұнда биыл 35 жылдығын атап өтіп жатқан қазақ халық аспаптар оркестрі, аты аңызға айналған джаз және симфониялық оркестрлер, камералық хор, «ЛАД», «Ретро», «Нұр», «Шернияз» ансамбльдері және 20-дан астам жеке орындаушылар жұмыс істейді. Қыркүйек айында филармония 84-ші концерттік маусымын мазмұнды бағдарламамен және жаңа жарқын жобалармен салтанатты түрде ашты.
Мекеменің бай тарихы жайлы облыс әкіміне павлодарлық зерттеуші, деректанушы, «Павлодар құпиялары: уақыттан тыс тарихтар» жобасының авторы Салауат Игликов айтып берді. Ол Алматыдағы орталық мұрағаттан табылған сирек мұрағат материалдарын таныстырды. Бұл құжаттар Павлодарда Қазақ мемлекеттік филармониясының филиалы 1941 жылы болғанын дәлелдейді. Табылған жәдігерлер арасында филармонияның құрылуы туралы құжат және депутаттар кеңесінің грамотасы да бар.
Филармония орналасқан ғимараттың да тарихы тереңде жатыр. 650 орындық ғимарат 1963 жылы теміржолшылар мәдениет үйі ретінде бой көтерген. 1999 жылдан бастап мұнда облыстық «Шанырақ» халық шығармашылығы мен мәдени ойын-сауық орталығы жұмыс істеді, ал 2020 жылдан бері бұл ғимарат облыстық филармонияның шаңырағына айналды. Қазір мұнда жеке мұражай ашу бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Филармонияға есімі берілген Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай мұражайдың қорына ақын Татьяна Окольничная көпес Матагановтың көне пианиносын сыйға тартты және ол 1900 жылы филармонияға Иса Байзақов есімін беруге атсалысқан Қанапия қажының отбасымен достық байланыста. Филармония тарихынан сыр шертетін болашақ мұражайдың қорына бүгінде 2000-нан астам жәдігер жиналды. Олардың ішінде күнделіктер, гусли аспабы және Майра Шамсутдинованың шәкірті Хусаин Рамазановтың қалпына келтірілген баяны бар.
Филармония ұжымы мекемеге ерекше қолдау көрсетіп жатқан облыс әкімі Асайын Байхановқа алғысын білдірді. Биыл көктемде филармония гастрольдік сапарларға арналған жаңа автобуспен қамтамасыз етілді.
Мемлекеттік жан-жақты қолдаудың арқасында «Нұр» би ансамблі Оңтүстік Кореяда өткен Дүниежүзілік халық өнері фестивалінде Қазақстанның атынан сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орынға ие болды.
Бірегей этно-фольклорлық «RUH EthnoMix» тобы Түркияда өткен Дельфий ойындарына қатысып қайтты. Топ жетекшісі Мәди Төлеев Йондон - Yeongdong World Traditional Music & Arts Expo Дүниежүзілік дәстүрлі музыка және өнер көрмесіне қатысты. Ал Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның жас солисі Әлижан Қазбеков Бішкекте өткен халықаралық жеке орындаушылар байқауында I орынды иеленді.
Иса Байзақов атындағы филармония академиялық және халықтық бағыттарды біріктіріп, дәстүрлерді сақтап және заманауи өнерді дамыта отырып, өңірдің музыкалық және рухани өмірінің маңызды орталығы болып қала береді. Филармонияда тек концерттер ғана емес, ағартушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізіледі. Мекеме мәдени талғамды қалыптастырып, эстетикалық қабылдауды тәрбиелеуде және жастардың өнер әлеміне жол ашуда.
- Павлодар филармониясы - өңірдің мәдени жүрегі. Мұнда тарихқа құрметпен қарап, сонымен қатар жаңа, шабыттандыратын өнер туындыларын батыл жасап, алға ұмтылуда. Өнерді қолдау мен мәдениетті дамыту - біздің айнымас басым бағытымыз, - деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Сондай-ақ облыс әкімі облыстық филармония әртістеріне арналған музыкалық жабдықты жаңарту мәселесін пысықтап, оны келесі жылдың басында сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев