
Облыстық көші-қон қызметінің басшысы Қанат Сартов соңғы жылдардағы көші-қон үдерістеріне жасалған талдауды ұсынды.
Өңірде шетел азаматтарының келу көрсеткіші бойынша тұрақты оң динамика байқалады. Соңғы үш жылда уақытша тіркелген шетелдіктердің саны 11,7%-ға артқан: 2023 жылы – 6 960 адам, 2024 жылы – 7 237 адам, ал 2025 жылы – 7 778 адамды құрады.
Тұрақты тұратын шетел азаматтарының саны 46%-ға өсіп, 2023 жылғы 7 828 адамнан биыл 11 423 адамға жетті.
Олардың арасында еңбек қызметімен айналысу, кәсіп ашу және отбасын біріктіру мақсатында келген ТМД елдері мен алыс шетел азаматтары басым.
Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдардың саны да артты — үш жыл ішінде шамамен 40%-ға (2023 жылы 558 адамнан 2025 жылы 775 адамға дейін). Олардың едәуір бөлігін қазақ ұлтының өкілдері құрайды.
Аймақтық қоныстандыру квотасының орындалуы туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова баяндама жасады.
2017 жылдан бері бағдарлама аясында Павлодар облысына қандастар мен ішкі көшіп келушілерді қосқанда 23 366 адам қоныстанды.
Бағдарлама нәтижесі бойынша Павлодар облысы қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау жөнінен елімізде тұрақты түрде алдыңғы қатарда келеді.
Тек 2025 жылы өңірге 450 отбасы немесе 2 075 адам келді, олардың ішінде қандастар бойынша квота 88,7%-ға орындалған. Ең жақсы көрсеткіштер Екібастұз, Ақсу қалаларында және Аққулы ауданында байқалады.
Жыл соңына дейін қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдау жөніндегі алты комиссия өткізу жоспарланып отыр, нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін қандастар квотасы толық орындалады.
Қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан (37%), Қытайдан (29%) және Моңғолиядан (27,5%) келген. Олар жаңа қоныстарында – Екібастұз қаласындағы Солнечный кентінде, Ақсу қаласындағы Береке және Достық ауылдарында, сондай-ақ Успен, Ертіс, Шарбақты және Баянауыл аудандарында орнығып жатыр.
Ішкі қоныс аударушылар негізінен Шымкент, Астана, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарынан келуде.
Қоныс аударушылардың жалпы санының ішінде: 910 адам – еңбекке қабілетті, 207 – зейнеткер, 37 – студент, 921 – 18 жасқа дейінгі балалар.
Еңбекке қабілетті қоныс аударушылардың 80%-дан астамы жұмыспен қамтылған. Олар ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Бағдарлама қатысушыларының бір бөлігі мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сауда және қолөнер салаларында өз кәсібін ашқан.
Әр отбасы мүшесіне көшуге арналған 70 АЕК (275 240 теңге) көлемінде жәрдемақы төленеді, ал тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаты ретінде 1 160 АЕК-ке дейін (4,56 млн теңге) қаржы қарастырылған.
Талқылау барысында облыс әкімі Асайын Байханов жыл басынан бері өңірде өңіраралық көші-қон бойынша теріс сальдо сақталып отырғанын атап өтті.
Ауылдық жерлерден 2,9 мың адам көшіп кеткен, оның ішінде: Баянауыл ауданынан – 517 адам, Павлодар ауданынан – 266, Успен ауданынан – 251 адам.
Өңір ішіндегі көші-қон бойынша ауылдық жерлерден облыс қалаларына 2,6 мың адам қоныс аударған. Негізгі ағын облыс орталығына бағытталған. Көшу көрсеткіші ең жоғары аудандар – Аққулы (294 адам), Ертіс (297) және Тереңкөл (287 адам).
Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі көші-қон үдерістеріне талдау жүргізуді тапсырды. Ол ауылдық аумақтардың тартымдылығын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын құруды, инфрақұрылымды дамытуды және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Асайын Байханов сондай-ақ ерікті қоныс аудару бағдарламасы өңірдің теңгерімді дамуына және солтүстік аймақтардың еңбек әлеуетін нығайтуға маңызды үлес қосатынын айтты.
Облыс әкімі 2025 жылғы 15 қарашаға дейін қоныс аударушылар мен қандастардың әлеуметтік жағдайын талдау үшін кешенді мониторинг жүргізуді, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын толық орындауды және қоныс аударушыларды қабылдау, орналастыру және бекіту мәселелері бойынша ауылдық округ әкімдерімен көшпелі кеңестер өткізуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев