
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Жиналыс барысында жобаны аяқтауға қажетті қаражат заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару есебінен қалыптастырылған Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қамтамасыз етілгені атап өтілді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Арнайы қордан 9,3 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бүгінгі таңда бұл қаражат арнайы есепшотқа түсті, қажетті келісім-шарттар жасалып, қазынашылық органдарында тіркелді. Бөлінген қаражаттың есебінен жобаны іске асыру қарқынын арттырып, 2026 жылдың шілде айында толық аяқтау жоспарлануда.
Бастапқы кесте бойынша жұмыстар 2025 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған болатын, алайда жобаның қалған бөлігіне қажет 9,3 млрд теңгені қаржыландыру қажеттілігіне байланысты мерзімі өзгертілді.
Қайта жаңарту жобасы ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтуді, қозғалыс жолы мен әуежай перронын қалпына келтіруді, заманауи жарықтандыру, бейнебақылау және дренаж жүйелерін орнатуды қамтиды. Жұмыстар әуеайлақтың сәйкестік сертификатын сақтау қажеттілігіне байланысты орындалуда. Бас мердігер - «Kyrylys Group RK» ЖШС. Жобаның жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстардың 47%-ы орындалған. Аумағы 178 мың шаршы метр болатын асфальт-бетон жабынын фрезерлеу жұмыстары жүргізілді, жер жұмыстары мен дренаж жүйесін орнату аяқталды, ұзындығы 16,2 км болатын қоршаудың 95%-ы орнатылды. Жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін орнату жалғасуда.
Мердігер ұйым 1,4 млрд теңгеден астам сомаға материалдар мен жабдықтар сатып алды, 35 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілді, қуаттылығы сағатына 240 тонна асфальт-бетон зауыты орнатылды.
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту өңір үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті.
- Жаңартылған ұшу-қону жолағы ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әртүрлі санаттағы әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру инвестиция тартуға және әуе рейстерінің бағытын ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың маңызды кезеңі болады, - деді аймақ басшысы.
Жиналыстың қорытындысы бойынша әкім мердігер ұйым мен тиісті басқармаларға құрылыс қарқынын жеделдетіп, барлық жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және қайта жаңарту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев