11 қазанда Павлодар облысының әкімі құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан, сонымен қатар аяқталған бірнеше көше мен аула алаңдарын аралады. Өңір басшысы жақын маңдағы үйлердің тұрғындарымен кездесу кезінде кез келген абаттандыру тұрғындардың пікірін ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін еске салды.
Әбілқайыр Сқақов аралауды Ауғандықтар саябағынан бастады. Онда саябақты абаттандыру, соның ішінде жаңа ағаштар отырғызу жоспарланып отыр. Әкім Мемлекеттік рәміздер алаңын да жаңартуды ұсынды. Бұл аумақта кем дегенде жаңа орындықтар орнатып, ойылған жерлерінде төсеме тастарды ауыстыру қажет.
Өңір басшысы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт аумағындағы саябақ аймағын да аралап шықты. Мұндағы құрылыс жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мердігерлер көлік тұрағын кеңейтіп, шамдар орнатып, жаяу жүргіншілер жолдарын жабдықтап, ойын алаңы мен воркаут алаңын орнатты. Жақын арада көшеде жаттығу құрылғылары орнатылады. Келесі жылдың көктемінде іске қосылатын субұрқақты жыл соңына дейін орнатылуы тиіс. Әзірге мамандар оған қажетті жабдықтардың Еуропа мен Ресейден жеткізілуін күтіп отыр.
Мешіттің жанында Қайырбаев көшесінің бойында полимербетон бояуларынан жасалған жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Осы күні Павлодар көшелеріндегі таңбалау жылына 2-3 рет жаңартылатын болса, полимербетон жабыны төрт жылға дейін жарамды.
Өңір басшысы №39 мектеп жанындағы бұрынғы стадионның орнында да болды. Қазір мұнда шағын футбол алаңын салу, жүгіру және велосипед жолдарын жайластыру, шағын нысандарды, балалар және спорт алаңдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Алаң айналасындағы қоршаулар алынып тасталған соң, көрінісі бірден өзгерді. Ең бастысы - бұл орынды қорғап қалдық. Бұл жерде енді балаларымыз да, біз де демала аламыз.- деді жақын маңдағы үйлердің тұрғындары.
Әбілқайыр Сқақов жаңа балалар алаңы орнатылған бірнеше аулаға да барды. Құрылыс-жөндеу маусымы басталғаннан бері Павлодарда осындай 95 кешен пайда болды. Жыл соңына дейін жаңа балалар алаңдарын тағы 11 аулаға орнату жоспарланып отыр.
- Балаларымыз дән риза, кешке үйге қайтқысы келмей ойнайды. Енді аға буынға арналған тағы екі-үш жаттығу құрылғысы орнатылса, біз де аздап қозғалып, шынығатын едік, - деді Қайырбаев көшесіндегі №96 үйдің тұрғыны Галина Елизаровна.
Короленко көшесіндегі №4 үйдің ауласында тұрғындар кемшілікті атап өтті: құрылысшылар көлік тұрағына асфальт төсеп, балалар алаңын орнатқанмен, зейнеткерлерге арналған аумақ қарастырылмаған және ауланы жарықтандыру мәселесін назардан тыс қалдырған.
- Балалар алаңын ауыстырған кезде ескі шамды алып тастады, - дейді үйдің аға тұрғыны Анжелика Васильева. - Одан бізде басқа шам жағылатын, енді жаңа тұрақ мүлдем жарықтанбайды.
Қала тұрғындарының ескертулері мен ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі тиісті тапсырмалар беріп, абаттандыру бойынша, әсіресе аулалардағы кез келген жұмыстар жөндеудің басты бағалаушылары болып табылатын жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып орындалуы тиіс екенін еске салды.
Өңір басшысы тұрғындардың белсенді болуына қатысты да алаңдаушылық танытты. Ол кейбір үйлердің аға тұрғындарынан әкімдіктің жоспарларынан неге бейхабар отырғандарын және неліктен тұрғындармен диалог орнатпайтындықтарын сұрап, абаттандыру жобасын ілу, эскиздерді көрсету, не және қашан жасалатынын айту қиын еместігін ескертті.
Әбілқайыр Сқақов Гагарин саябағында да болды. Оның барлық аумағын аралап, әкім мұнда жасыл желек аз екенін және спорт алаңдарын орналастыруға болатын көптеген бос аймақтар бар екенін атап өтті. Қала билігіне саябақты өзгерту нұсқаларын қарастыру және келесі жылы-ақ оны жаңартумен айналысу тапсырылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев