Бүгін Достық үйінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын өңірлік деңгейде іске асыру мәселелеріне арналған жиналыс өтті.
Жиналысқа ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, сондай-ақ өңірдің қала, аудан және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесуді ашқан өңір басшысы Жолдауда айтылған міндеттер әрбір әкімнің жеке жауапкершілігі ретінде қабылдануы тиіс екенін атап өтті.
Негізгі басым бағыттар ретінде экономиканы цифрландыру, экспорттық әлеуетті арттыру, энергетиканы жаңғырту, инфрақұрылымды жаңарту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту айқындалды.
Облыс әкімі Павлодар облысында 123 дербес бюджетке біріктірілген 352 ауыл бар екенін атап өтті. Ауыл халқының 88%-ы тұратын 191 ауыл әлеуетті ауыл ретінде айқындалды. Ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, цифрлық сервистерді енгізу және жайлы өмір сүру жағдайларын жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жиын барысында ауылдық округ әкімдері Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша жергілікті деңгейде атқарылған нақты істердің мысалдарын ұсынды.
Мәселен, Баянауыл ауданының Жаңажол ауылдық округінің әкімі Сабит Кенжалин округ ауылдарындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Бүгінде Машһүр Жүсіп ауылында 117 оқушыға арналған мектеп, шағын орталық, мәдениет үйі, кітапхана, медициналық пункт және мұражай жұмыс істейді. Білім беру, медицина және мәдениет нысандары жаңартылып, таза ауызсу мен интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігіне де ерекше көңіл бөлінуде: жергілікті кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу бастамасы қоғам игілігі үшін бірігіп әрекет етудің жарқын үлгісіне айналды. Қарашоқы ауылында жолдар жөнделіп, көше жарығы орнатылды.
Жергілікті билік пен тұрғындардың белсенді жұмысының нәтижесінде биыл округ облыстық «Үлгілі ауыл» конкурсының жеңімпазы атанды.
Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округінің әкімі Бақытжамал Рахметова 1 729 тұрғыны бар округтің кіреберіс жолдары толық жөнделіп, көше жарығы жаңартылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік әділдік қағидатына сәйкес, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетілуде. Мұқтаж жандар үшін 2 екіпәтерлі тұрғын үй салынды.
Тілектес ауылында жаңа мектеп пен медициналық пункт ашылды. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшіріліп, олардың халыққа қолжетімділігі айтарлықтай арта түсті.
Облыс орталығы маңындағы ауылдарда да оң өзгерістер орын алуда. 2024 жылдың ақпан айында өткен ашық сайлау нәтижесі бойынша сайланған Павлодар ауылдық округінің әкімі Ұнат Аманбек атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.
Ауылда 5 790 адам тұрады, оның екі мыңнан астамы көкөніс шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары облыстың барлық дерлік елді мекендерін ерте өсетін көкөніс дақылдарының көшеттерімен қамтамасыз етеді. Облыстық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен тұрғындардың негізгі сұраныстары іске асырылуда. 2024 жылы жалпы ұзындығы 3,4 шақырым болатын бес көшеге орташа жөндеу жүргізілді, ал тағы 30 көшені жөндеу үшін 767 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Тоғыз аялдама павильоны орнатылды, екі жаңа балалар-ойын алаңы орнатылып, үшеуі жаңартылды. 2026 жылға дейін үш балабақша мен жаңа мектеп ашу жоспарлануда.
Президенттің инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ауылда 20 бейнебақылау камерасы орнатылып, 1,4 млрд теңгеге жаңа қосалқы станция мен электр желілерінің құрылысы жүргізілуде.
Ескі жарық шамдары энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылды. Бюджеттің кіріс бөлігі 20,5 % өсіп, қосымша қаражат абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталды.
Железин ауданының Алакөл ауылдық округінің әкімі Татьяна Метлушко да өзінің жұмысындағы оң нәтижелер туралы айтты. Ауылдарда жолдар жөнделіп, ауызсу және байланыс жүйелері қамтамасыз етілді, әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, бейнебақылау мен жоғары жылдамдықты интернет қосылды. Мемлекеттік қызметтердің көпшілігі онлайн форматта көрсетіледі.
Алакөл ауылы «жұмысшылар ауылы» деп аталады. Өйткені, мұнда 2003 жылдан бері ауыл қалыптастырушы «Пахарь» ШҚ ЖШС кәсіпорны табысты жұмыс істеуде және бірнеше ұрпақ буыны еңбек етуде.
Биыл округке Қытайдан үш қандас отбасы тарихи Отанына оралып, ауыл шаруашылығымен айналысуда.
Облыс әкімі 2024 жылы жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің көлемі 22 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Оның ішінде 5,5 млрд теңгеден астам қаражат «Бонустық трансферт» аясында 67 ауылда 96 жобаны іске асыруға бағытталды.
- Биыл ауылдық жерде 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Басым бағыттар - жолдар мен сумен жабдықтау нысандарын салу. 2025 жылдың соңына дейін алты су құбырының құрылысы аяқталып, облыстың ауыл халқын 100 % таза ауыз сумен қамту жоспарлануда, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жергілікті деңгейде іске асырылып жатқан әрбір бастама азаматтардың билікке деген сенімін арттыруы тиіс екенін атап өтті.
- Әрбір іс - бұл тұрғындар алдындағы жоғары жауапкершілік және халықтың сенімі. Президент Жолдауының басты қағидаты да осы. Бірлескен күш-жігердің арқасында көзделген мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін, - деді ол.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттер биліктің барлық деңгейі үшін ортақ мақсат болып табылатынын атап өтті. Оларды табысты орындау үшін жергілікті жерде жүйелі әрі сапалы жұмыс жүргізілуі қажет екенін айтты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев