
Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған жобалық кеңсесінде аймақ басшысы Болат Бақауов менеджерлердің жұмысын бағалап, жаңа мұражай салу туралы мәселе көтерді.
44 жобаға жетекшілік ететін аймақтық жобалар кеңсесі екінші ай жұмыс жасауда. Аймақ басшысы алдында бірнеше жобаның тұсауы кесілді. Солардың бірі – мектеп түлектері өз білім ордаларына демеушілік көмек көрсеткен «Мектебіме тағзым» акциясы. Бірнеше ай ішінде 500 демеуші 93 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетті. Облыс әкімі аталған жобаның маңызды екенін, сонымен қатар жобаны оқу жылы бойы жалғастыру керектігін атап өтті.

– Егер мектеп өзінің ауқатты түлектеріне демеушілік көмек көрсету бойынша жүгінсе, оның ешқандай ұяттығы жоқ, — деді Болат Бақауов. — Аталған акцияны кем дегенде бір оқу маусымы немесе бір жыл бойы жалғастыру керек. Осылайша Тереңкөл ауылындағы № 1 мектептің қосымша құрылысын жүзеге асырмақпыз.

Сонымен қатар аймақ басшысы Павлодар қаласында жаңа музейдің қажеттігін және оны салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Облыс орталығына Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жеткілікті ме, тағы бір мұражай салу мәселесін қарастыру қажет. Бәлкім ол қаланың тарихи нысандары көбірек орналасқан ескі бөлігіне салынады, – деді Болат Бақауов.
Ұсынысты Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының директоры Роза Игібаева қолдады. – Шынымен де қаламызға үлкен мұражай керек, – деді директор. – Алайда оның концерт залы және компьютерлік, дәріс беру кабинеттерімен жабдықталған заманауи ғимарат болғаны дұрыс.