Бүгін Достық үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын агроөнеркәсіптік кешенде жүзеге асыру мәселелеріне арналған отырыс өтті

Бүгін Достық үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын агроөнеркәсіптік кешенде жүзеге асыру мәселелеріне арналған отырыс өтті

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, қала және аудан әкімдері, бизнес, қоғам, қаржы институттары мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.

Асайын Байханов өз сөзінде Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп, басты басымдықтарды айқындап бергенін атап өтті: инвестиция тарту, өнімді терең өңдеу, мал шаруашылығын дамыту, экспортты ілгерілету, агрохабтар құру және цифрлық технологияларды енгізу.

- Президент нақты міндеттер қойды: бес жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру және үш жыл ішінде өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу, - деп атап өтті өңір басшысы.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Павлодар облысы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Биылғы жылдың сегіз айында аталмыш салаға 124,8 млрд теңге инвестиция тартылды, яғни, Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешенге салынған әрбір бесінші теңге павлодарлық диқандардың үлесіне тиесілі.

Өңірде майлы дақылдар алқабы 43%-ға, картоп - 25%-ға, көкөніс пен бақша дақылдары - 15%-ға артты. Картоп өндірісі рекордтық көрсеткішке жетіп, 937 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Астық және көкөніс дақылдарын жинау науқаны жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр және аяқталуға жақын.

Өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 277 мың тонна болатын алты лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны, 912 мың тоннаға арналған 263 қойма және 541,8 мың тонна өнім сақтайтын 153 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Оның ішінде 133 қойма заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы 53,8 мың тонна болатын тағы төрт заманауи қойма іске қосылады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Президент тапсырмалары жаңа тәсілдер мен кешенді шешімдерді талап ететінін атап өтті.

- Біздің міндетіміз - елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және диқандарға қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта біз жеңілдетілген несие беруді дамытып, қосылған құны жоғары өнімдерді өңдеу үлесін ұлғайтып, мал шаруашылығын қолдау шараларын күшейтудеміз, - деді министр.

Диқандар агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шараларына алғыстарын білдіріп, бұл шаруашылықтарына түсетін қаржылық жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Галицкое» ЖШС директоры Александр Касицын өңір фермерлері атынан Мемлекет басшысы мен Үкіметке «Кең дала 2» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.

- Жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен берілген несие шаруалар үшін уақытылы әрі айтарлықтай көмек болды. Негізгі қарызды өтеу кестесі де қолайлы: 50 % - жұмыс жүргізілген жылдың 1 желтоқсанына дейін, ал қалған 50 % - 1 наурызға дейін. Бұл бізге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай сатып алып, техникамызды дайындауға мүмкіндік берді, – деді фермер.

Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша ірі жобаларды іске асырудың, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін барынша азайтудың және экспорттық әлеуетті арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Жұмыс сапары барысында министр Павлодар ауданында жүзеге асырылып жатқан қайта өңдеу бағытындағы инвестициялық жобалармен танысты - атап айтқанда, Кеменгер ауылындағы май экстракциялық зауыты мен күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынның құрылысы.

Жалпы, 2025-2027 жылдары өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдейтін 10 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі - 21,1 млрд теңге. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалардың қатарында - тәулігіне 3 тонна өнім өндіретін «Буренка» ЖШС сүт өңдеу зауыты, жылына 30 мың тонна күнбағыс өңдейтін «Ертіс Агро» ӘКК май зауыты, тәулігіне 30 тонна 13 түрлі жарма өндіретін «Жандос ПВ» ЖШС жобасы, «Агротехника Дидар» ЖШС диірмен кешені және қытайлық Jiangsu Yingda Supply Chain Co. Ltd. компаниясы жүзеге асырып жатқан күнбағыс майын өңдеу зауыты бар.

Отырысты қорытындылай келе, Асайын Байханов Павлодар облысы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығына инвестиция тарту және инновация енгізу бойынша көшбасшылық ұстанымын нығайта беретінін атап өтті. Өңірдің басты мақсаты - ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден бастап, оны терең өңдеп, экспортқа шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті құру арқылы ел Президенті белгілеген стратегиялық міндеттерді орындауға елеулі үлес қосу.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев