Мұнда Jiansu Jielong Group компаниясы жылына 120 мың тонна күнбағыс тұқымын өңдеп, 50 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаратын май экстракциялық зауытының құрылысын бастады. Инвестиция көлемі - 20 миллион доллар, оның ішінде 8 миллион негізгі қорларға, 12 миллион айналым қаражатына бағытталған. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Екінші жоба - суық сығымдау әдісімен күнбағыс майын өндіретін зауыт. Бұл жобаны «KEMENGER MAY» ЖШС-нің директоры Ибрагим Халяпов таныстырды. Кәсіпорынның қуаттылығы - жылына 60 мың тонна тұқым, ал дайын май өнімінің көлемі - 30 мың тоннаға дейін. Инвестиция көлемі - 2 миллиард теңге, 25 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Аймақ басшысы аграрлық сектор өңір экономикасының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Тек 2025 жылдың сегіз айында облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 124 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығына салынған инвестициялардың әрбір бесінші теңгесін құрайды. Бүгінде өңірде агроөнімдерді терең өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді және олардың саны жыл сайын артып келеді.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын да қарап шықты. Сот даулары мен мердігер ауысқаннан кейін нысанды «Stroy OPT» ЖШС салып жатыр. Бүгінде ғимараттың қабырғалары, шатырлары, терезелері мен есіктері орнатылып, жылыту және желдету жүйелері жүргізілген. Құрылысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Асайын Байханов жергілікті билікке жобаны толық аяқтап, нысанды уақтылы пайдалануға беруді және жұмыстың сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев