Индустрияландыру мен ЖИ бағыты: Павлодар облысында Президент Жолдауын іске асыру бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда

Индустрияландыру мен ЖИ бағыты: Павлодар облысында Президент Жолдауын іске асыру бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда

«Қазақстан алюминийі» АҚ алаңында облыс әкімі Асайын Байханов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру бойынша Жол картасы аясында ірі инвесторлармен кездесу өткізді. Талқылауға ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шетелдік компаниялар мен отандық бизнестің өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Президент өзінің Жолдауында негізгі салалардың жедел цифрлық трансформациясы, тау-кен металлургия кешенін жаңғырту және инновацияға негізделген индустрияландыруға қатысты нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Еліміздің өндірістік орталығы ретінде Павлодар облысы осы бағым бағыттарды жүзеге асыруға белсенді кірісуде.

- Бұл бағытта біз аймаққа инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Әрбір инвестордың мәселесін барынша жедел шешуге тырысамыз. Соңғы үш жылдың ішінде облыс экономикасына рекордтық көлемде – 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал бүгінде облысқа 620 млрд теңгеден аса қаржы құйылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға көп. Жыл соңына дейін шамамен 30 жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, биыл инвестициялар көлемін 1 трлн теңгеден асыру көзделуде, оның 90%-ға жуығы жеке қаражат, - деді Асайын Байханов.

Негізгі капитал салымдары өңдеу өнеркәсібі, энергетика және көмір-химия салаларына бағытталуда. Қазіргі уақытта жалпы құны 2,5 трлн теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 12 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінде өңірлік инвестициялық пулда 7,4 трлн теңгеге 100-ден астам жоба бар және олардың аясында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Ең ірі бастамалардың қатарында - Екібастұзда жалпы қуаттылығы 460 мың тонна болатын үш ферроқорытпа зауытының құрылысы бар, оның екеуі жыл соңына дейін іске қосылады. Сонымен қатар биылғы жылдың сәуірінде қуаттылығы жылына 1 млн тонна төмен легирленген болат өндіретін электрметаллургия зауытының құрылысы басталды.

Павлодар АЭА аумағында жүзеге асырылып жатқан «ЕГМК» ЖШС-нің алтын құрамдас концентраттарды өңдеу жобасына да ерекше назар аударылды. 2027 жылы К5 экологиялық класты бензиннің жоғары октанды компоненті - алкилат өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 97 мың тоннаны құрайды.

Мамандардың бағалауы бойынша экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерді іске қосу арқылы 2030 жылға қарай өңірдің өнеркәсіптік өндірісі 800 млрд теңгеге артып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі қазіргі 61,4%-дан 70%-ға жетеді.

Негізгі алаңдардың қатарында портфелі 540 млрд теңгеден асатын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы бар. Қазіргі таңда АЭА аумағында 38 компания тіркеліп, оның 21-і толық қуатта жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары мұнда металл құрылымдары, резеңке-техникалық бұйымдары, полимер түйіршіктері мен жоғары кернеулі оқшаулағыш өндірістері іске қосылады.

Екібастұз қаласының металлургиялық кластер құрылып жатқан индустриялық аймағы үлкен мүмкіндіктер ашуда. Мұнда жылына 160 мың тонна ферросилиций, 300 мың тонна тікелей қалпына келтірілген темір және 1 млн тонна болат өндіретін зауыттар салу жоспарлануда. Жалпы инвестициялар көлемі – 800 млрд теңгеден асады. Бұл жобалар 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашпақ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көмір өнеркәсібінің әлеуетіне ерекше назар аударды. Павлодар облысы Қазақстандағы көмір қорының үштен біріне - 10 млрд тоннадан астамына иелік етеді. Бұл энергетиканы және көмірді терең өңдеуді дамытуға үлкен мүмкіндік береді.

Президент өзінің Жолдауында атап өткендей, экономиканы жаңғырту ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл процестер өңірдің ірі кәсіпорындарында - ERG, Павлодар мұнай-химия зауыты, Богатырь Көмір, Kaz Minerals Бозшакөл, Промашкомплект және басқа да ірі кәсіпорнындарда жүріп жатыр. Цифрлық шешімдерді енгізу тиімділікті арттыруға, шығындарды азайтуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыруды талқылау барысында ел ішінде шикізатты терең өңдеу саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Павлодар облысы екі жыл қатарынан ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі бойынша елде көш бастап тұр. Ағымдағы жылдың 8 айында 124 млрд теңге салынды - еліміздің ауыл шаруашылығына инвестицияланған әрбір бесінші теңге біздің өңірге түсті. Бүгінде аймақта 30-дан астам кәсіпорын ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеумен айналысуда. «Рубиком», «Кэмми Group», «Жан-Дос KZ» компаниялары өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп, өнімдерін жақын және алыс шетелдердегі 100-ден астам қалаға экспорттауда.

Агросекторда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері белсенді енгізілуде. 2025 жылы БИК компаниясының алғашқы роботтандырылған сүт-тауар фермасы іске қосылады. Сондай-ақ майлы дақылдарды өңдейтін үш жаңа кәсіпорын мен чипсы шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Маңызды жобалардың бірі - қытайлық Jiansu Jielong Group компаниясымен бірлескен заманауи май зауыты. Жылдық қуаты - 50 мың тонна, инвестиция көлемі - 20 млн АҚШ доллары.

Барлық инвестициялық жобалар өңірлік инвестициялық штабтың бақылауында. Барлық мемлекеттік органдардың жұмысы жобаларды сүйемелдеуге және салықтық және кедендік преференциялардан бастап инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге дейінгі мемлекеттік қолдаудың толық спектрін ұсынуға бағытталған.

Кездесуде ірі кәсіпорындардың басшылары да баяндама жасады. «Қазақстан алюминийі» АҚ директоры Айтуған Ахметов зауытты модернизациялау және цифрландыру жобаларын таныстырды: шаң-газ тазалау жүйесін қайта құру, әк сөндіру учаскелерін салу, галлий өндіру және қызыл шлам пульпасын бөлу схемасын жетілдіру. ПНХЗ бас директоры Маждай Ахметов мұнайды терең өңдеу, предиктивті талдауды енгізу және өндіріс сенімділігін арттыру үшін ЖИ жүйелерін енгізу жоспарларымен бөлісті.

Екібастұзда 24 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазан айында үш ферроқорытпа зауытының бірін ашу жоспарлануда. Үш зауыт толық іске қосылған соң Қазақстан Қытайдан кейін әлемде ферроқорытпа өндіру бойынша екінші орынға шығады. Бұл Екібастұзды елдегі ең ірі индустриялық орталықтардың біріне айналдырудағы маңызды қадам болмақ.

«Railcast Systems» ЖШС-нің кеңесшісі Иван Дычко толық циклді теміржол кластерін дамыту туралы айтты. Компания кәсіпорындарында жылына 3,5 мың вагон, 300 мың доңғалақ және он мың білік шығарылуда. Өндірістік циклдің технологиялық тұйықталуын қамтамасыз ететін ұста-бандаж кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды.

Республикалық деңгейдегі ҮЗДІК-17 жобаның қатарына енген құрамында алтыны бар концентраттарды өңдеуге арналған гидрометаллургиялық кешен құрылысының барысы туралы «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Арман Бисенбинов баяндады. 978 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатын бұл өндіріс Қазақстанда автоклавты тотығу технологиясын қолдана отырып, толық циклі бар алғашқы кәсіпорын болмақ. Жылына 15 тоннаға дейін алтын шығару жоспарлануда.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту - негізгі басымдықтардың бірі болып қалатынын атап өтті. Күтілетін ірі жобалардың бірін Air Liquide компаниясының Қазақстандағы филиалының басшысы Миржан Құсманов таныстырды. Француз компаниясы құны 90 миллион еуро болатын сутек өндіру қондырғысын іске асыруда.

- Біз Франкфуртта әзірленген бірегей технологияны енгізіп жатырмыз және бұл әлемде алғаш рет осы жерде қолданылатын болады. Жоба 200 мың тоннаға дейін қысқы дизель отынының импортын алмастыруға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және екі жүзге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті инвестор.

Кездесуді қорытындылай келе, Асайын Байханов ашық диалог үшін қатысушыларға алғысын білдіріп, инвесторлардың ұсыныстары алдағы шешімдерді әзірлеу кезінде ескерілетінін атап өтті.

- Инвестициялар тартудың арқасында біз жаңа жұмыс орындарын ашамыз, халықтың табысы мен бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюын қамтамасыз етеміз. Бұл өңірдің негізгі әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының жаңа үлгідегі - цифрлық, экологиялық және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын бірге жүзеге асыруға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, - деді Асайын Байханов.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев