Еңбек қатынастарының құқықтық мәдениетін дамыту қажет – Әбілқайыр Сқақов кәсіподақ көшбасшыларымен кездесті

Еңбек қатынастарының құқықтық мәдениетін дамыту қажет – Әбілқайыр Сқақов кәсіподақ көшбасшыларымен кездесті

Павлодар облысының әкімі кәсіптік одақтар өкілдерімен кездесіп, өңірлік кәсіподақ орталығы жанындағы татуластыру орталығының жұмысымен танысты.

 

Бір жылға жуық павлодарлық «Кәсіподақтар үйінде» татуластыру орталығы жұмыс істейді. Онда жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы дауларды реттеумен айналысады. Осы уақыт ішінде мұнда 287 медиация шарты жасалды.

 

- Жұмыскерлер бізге жеке де, ұжым болып та жүгіне алады, - деді Павлодар облысы кәсіподақ орталығының басшысы Динара Айтжанова. - Кейін біз жұмыс берушімен байланысып, медиацияны жүргізу туралы шарт жасасамыз. Екі тарап келіссөздерге дайын болған кезде, медиация туралы құпия келісім жасалады. Кейін, егер жұмыс беруші белгіленген мерзімде еңбекақы төлемесе, қызметкер осы келісіммен сотқа жүгіне алады. Біз жасаған құжат негізінде үш күн ішінде сот бұйрық шығарып, онымен қызметкер сот орындаушысына жүгіне алады. Ол өз кезегінде қарызды өндіріп алу үшін жұмыс берушінің шоттары мен мүлкіне тыйым сала алады. Артықшылығы сол, қызметкерлерге өз бетінше өтініш жасаудың, соттарда жүрудің қажеті жоқ. Біз өз қолдауымызды ақысыз көрсетеміз.

 

Кәсіподақ орталығы Павлодар облысының кәсіпорындарында жасалатын ұжымдық шарттардың сапасын да қолға алды. Ол үшін еңбек ұжымдарына арналған кеңес беру пункті құрылды. Қазір мамандар қосымша опцияларды қосу мүмкіндігімен типтік ұжымдық шарт жасау үшін электрондық сервисті іске қосумен айналысуда.

 

Кәсіподақ орталығының мәжіліс залында өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар арасында 17 салалық кәсіподақтың, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен металлургия кешені және т.б. өкілдері болды.

 

- Карантиндік және шектеу шаралары кезеңінде әлеуметтік-еңбек қатынастарының жаңа мәдениеті қалыптасуда, - деп атап өтті әкім. - Облыстың ірі кәсіпорындарының ұжымдары пандемияға байланысты іс жүзінде зардап шекпеген болса, шағын және орта бизнес қолдауға мұқтаж. Ұжымдар өз құқықтарының заң жүзінде қорғалатынына сенуі керек. Еңбек қатынастарының құқықтық мәдениетін дамыту қажет. Бұл сіздер мен біздің ортақ міндетіміз.

 

 

Әбілқайыр Сқақов кәсіподақ өкілдерін келе жатқан мерекемен, Кәсіподақтар күнімен құттықтап, оларға 130 мыңға жуық еңбекшінің құқықтарын қорғап жүргендері үшін алғыс айтты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев