Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ертіс ауданына барып, егін жинау науқанының барысымен, суармалы егіншілікті дамытумен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жаңғыртумен танысты.
Биыл аудандағы егіс алқабы 325,4 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Бүгінгі таңда 111 мың га егіс алқабы жиналып, орташа өнімділік - 15,1 ц/га құрады.
Өңір диқандарын қолдаудың тиімді құралдарының бірі АӨК дамытудың мемлекеттік саясаты аясында іске асырылатын 5% жеңілдетілген лизингтік бағдарлама болып табылады. Қазіргі уақытта 700 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына 21 млрд теңге қаражат бөлінді, бұл 300-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және техника паркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік берді.
- Аграрлық салаға салынған әрбір инвестиция нақты нәтиже беруі тиіс. Біздің мақсатымыз - өнімділікті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапасын қамтамасыз ету, - деп атап өтті облыс әкімі.
Северный ауылдық округінде өңір басшысы «Смағұл» ШҚ-ның астықты өңдеу және кептіру үшін салып жатқан механикаландырылған ток құрылысының барысымен танысты. Оның қуаттылығы сағатына 160 тоннаны, ал сыйымдылығы 7 мың тоннаға дейін жетеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары соңғы сатыда: трансформаторды монтаждау, газ құбырын тарту және газгольдерлерді орнатуға дайындық жүргізілуде.
Сонымен қатар, осы жерде «Западный» ШҚ құны 1,5 млрд теңге болатын жаңа ет өңдеу кешенінің құрылысын іске асыруды көздеп отыр. Кәсіпорын консервілерді, шұжық өнімдерін және жартылай фабрикаттарды қоса алғанда, жылына 1,5 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға және ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Облыс әкімі жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуді тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Қызылжар ауылдық округіндегі «ОХ Иртышское» ЖШС-не барды. Мұнда 2 мың гектардан астам суармалы жерлерде күнбағыс, жүгері, картоп және жемшөп дақылдары өсіріледі. Шаруашылықта заманауи суару жүйесі тартылған және соңғы жылдары жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна болатын алты көкөніс қоймасы салынды. Бұл өнімнің сенімді сақталуын және өнімді нарыққа тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Асайын Байханов өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жүйелі және кешенді түрде дамыту қажет екендігін атап өтті:
- Егіс алқаптарын жаңғырту, озық технологияларды енгізу, қайта өңдеуді дамыту және өнімді сақтаудың сенімді жүйесін құру қажет. Мұндай тәсіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті облыс басшысы.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев