Павлодар облысында ауқымды инвестициялық жоба таныстырылды

Павлодар облысында ауқымды инвестициялық жоба таныстырылды

«Druzhba Mining» ЖШС Май ауданындағы «Дружба» кен орнында титан-цирконий концентратын шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлауда.

Жобаның жалпы құны 27 млрд теңгеден асады. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылатын болады: 2025-2026 жылдары бірінші кезеңді, 2026-2027 жылдары екінші кезеңін іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорын толық қуатқа шыққаннан кейін жыл сайын 77 мың тоннадан астам концентрат өндіріп, өңір тұрғындарын 200-ге жуық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болады.

Жобаның инфрақұрылымдық құрамдас бөлігі қуаттылығы 5 МВт-қа дейінгі электрмен жабдықтау желісін салуды, 70 шақырым топырақ жабынды автожол салуды, Ертіс өзенінен су құбырларын тартуды және ұңғымалар қазуды, сондай-ақ Көктөбе ауылында теміржол кірме жолын салуды көздейді. Қазіргі уақытта компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде және жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуде.

Инвестормен кездесу барысында кәсіпорынды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, коммуникацияларды тұтыну көлемін келісу, сервитуттарды ресімдеу және жер учаскелерін жалға алу мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Асайын Байханов жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Ол Май ауданының әкімдігі мен бейінді басқармаларға жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

- Барлық ұйымдастыру мәселелері уақтылы және жедел түрде шешілуі маңызды. Бұл өңірде заманауи өндірістің ашылуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және бюджетке қосымша түсімдердің түсуіне мүмкіндік береді, - деп атап өтті өңір басшысы.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев