2025 жылдың 12 қыркүйегінде Гагарин атындағы саябақта еріктілер ұйымдарының арасында «Jasyl ómir úshin jarys» атты экологиялық шара өтті. Шара экологиялық квест форматында ұйымдастырылып, 4–6 адамнан құралған командалар арнайы дайындалған бекеттерде түрлі тапсырмаларды орындады.
Қатысушылар экологиялық өзекті тақырыптарға арналған постерлер жасап, қоқысты сұрыптау бойынша білімдерін көрсетті, қала тұрғындарына ақпараттық материалдар таратып, қысқаметражды бейнеролик түсірді. Сонымен қатар, экологиялық викторинаға қатысып, табиғатты қорғауға қатысты білімдерін шыңдады. Әр тапсырма экологиялық сауаттылықты арттыруға, командалық бірлікті нығайтуға және қоршаған ортаны қорғаудың тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, жеңімпаздарға жүлделер табысталды. Бірінші орын иегерлері портативті колонкаға, екінші орын иегерлері электронды сағатқа, үшінші орын иегерлері құлаққапқа ие болды. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді.
Бұл шараның тәрбиелік мәні де зор болды. Қатысушылар табиғатты қорғаудың әр адамның жеке жауапкершілігі екенін сезініп, шағын ғана іс-әрекеттің – қоқысты дұрыс сұрыптау, тұрғындармен ақпараттық жұмыс жүргізу немесе шығармашылық бастамалар көтерудің – үлкен маңызға ие екенін түсінді. «Экоквест» экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғам өмірінің сапасын жақсартуға үлес қосатын маңызды бастама ретінде өз нәтижесін берді.