Президент Жолдауын іске асыру: Павлодар облысы дамудың негізгі басымдықтарын айқындады

Президент Жолдауын іске асыру: Павлодар облысы дамудың негізгі басымдықтарын айқындады

Бүгін Павлодарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар талқыланған жиналыс өтті. Іс-шараға қоғам өкілдері, басқарма басшылары, қалалар мен аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері өңірдің негізгі салаларына тікелей қатысты екенін, сондықтан әрбір құрылым мен басшыдан жеке жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

- Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыттары өңіріміздің негізгі салаларын қамтиды. Сондықтан қойылған міндеттерді біз жеке жауапкершілік ретінде қабылдауымыз керек. Павлодар облысының әрбір тұрғыны оң өзгерістерді сезінуі тиіс. Ол үшін бізге жаңа бастамаларды сапалы әрі тиімді іске асыру бойынша үйлесімді, нақты және нәтижелі жұмыс қажет, - деді өңір басшысы.

Жолдаудың басты бағыты - цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу. Павлодар облысы осы процестің драйверлерінің бірі болуға ниетті.

«Smart Region» стратегиясы аясында «Smart City Pavlodar» және «Қауіпсіз қала» жобалары іске асырылуда, ЖИ және спутниктік мониторинг пайдаланыла отырып, жер ресурстарының цифрлық картасы, сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Павлодар қаласының инженерлік желілерінің «интерактивті жылу картасы» әзірленуде. Екібастұзда деректерді өңдеу және майнинг саласында өңірге стратегиялық позицияны қамтамасыз ететін заманауи дата-орталық салынуда.

Кадрларды даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда: стартаптарды қолдау үшін зертханалар мен конференц-залдары бар Pavlodar Hub іске қосылды. Ақпараттық технологиялар колледжінің базасында «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы» мамандығы ашылды, жоғары технологиялық жобаларға 100 мыңға дейін студенттерді тартатын AI-Sana бағдарламасы жұмыс істейді. Өңір Astana Hub және университеттермен бірлесіп IT-сектор мен цифрлық экономика үшін мамандар даярлайды.

Әлеуметтік саладағы жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды. Павлодарда 1200 орындық мектеп ашылды, жаңа оқу орындарының құрылысы жүргізілуде, бұл 2026 жылға қарай 4 мыңнан астам оқушы орнын құруға және үш ауысымды оқытуды жоюға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласы бойынша ауылдық аудандарда алты медициналық мекеме салу, Павлодардағы №1 қалалық аурухананы реконструкциялау, ЖИ пайдалана отырып диагностика жасау үшін FORUS DATA жүйесін енгізу көзделген. Туризм саласы бойынша Баянауылда визит-орталықтың және Сабындыкөл көлінде байқау алаңының құрылысы басталады. Павлодар мен Екібастұзда заманауи спорт кешендері мен мұз сарайлары бой көтереді.

Инфрақұрылым мен энергетикаға үлкен көңіл бөлінді. Алдағы жылдары Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір салу, ұзындығы 352 км болатын Ақсу-Дегелең-Жаңа Семей теміржол учаскесін жаңғырту, өткізу қабілетін екі есеге арттыра отырып, Павлодар әуежайын қайта жаңарту жоспарлануда. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға қарай инженерлік желілердің тозу деңгейін айтарлықтай төмендету көзделуде: жылумен жабдықтау желілерін 64%-ға дейін, электрмен жабдықтау желілерін 52,9%-ға дейін, сумен жабдықтау желілерін 46,5%-ға дейін және су бұру желілерін 68,1%-ға дейін. Өңір республикада алғашқы болып Қаржы министрлігімен облигациялық қарыз алуға қол қойды: бөлінген 9,8 млрд теңге Павлодарда жылу магистралін салуға бағытталды, бұл 600-ден астам көппәтерлі тұрғын үйді үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Павлодар облысы елдің индустриялық орталығы ретінде өзінің позициясын нығайта түсуде. Соңғы үш жылда экономикаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 88%-ы жеке инвестициялар. Жалпы құны 7,4 трлн теңге болатын 102 жоба іске асырылуда, оның ішінде жаңа ферроқорытпа және металлургия зауыттарын қоса алғанда 76 жоба жалпыұлттық пулға енгізілді. 2027 жылы Павлодарда алкилат шығаратын зауыт жұмысын бастайды, ол мұнай-химия шикізатын қайта өңдеуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі таңда «Павлодар» АЭА-ның инвестициялық портфелі 541 млрд теңгені құрайды.

Өңдеу секторының өнім көлемі бойынша біздің өңір республикадағы жетекші бестікке кіреді.

Аграрлық сектор да басым бағыттардың қатарында. Мал шаруашылығын дамытудың және пайдаланылмайтын жерлерді қайтарудың кешенді жоспары іске асырылуда. 2030 жылға қарай ірі қара мал басын 600 мың басқа дейін, ал ұсақ мал басын 750 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл ішкі нарықты қамтуға және ет экспортын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы бес жылда агроөнеркәсіптік кешенде 1600-ге жуық жұмыс орнын құра отырып, 131 млрд теңгеден астам сомаға 50 жоба іске асырылатын болады.

Жиналысты қорытындылай келе, Асайын Байханов 20 қыркүйекке дейін Жолдауды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітуді, қалалар мен аудан әкімдеріне аптаның соңына дейін жергілікті жерлерде талқылаулар өткізуді тапсырды.

- Біздің ортақ міндетіміз - Президент Жолдауының жүйелі іске асырылуын қамтамасыз ету. Әрбір қадам өңірдің тұрақтылығын нығайтуға және адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс, - деп атап өтті облыс басшысы.

Осылайша, Павлодар облысы дамудың негізгі бағдарларын анықтады: цифрлық өзгерістер, адами капиталды нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық өсу және әлеуметтік тұрақтылық. Осы міндеттерді іске асыру өңірдің жасанды интеллект дәуіріне сенімді кіруі үшін негіз болуға тиіс.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев