Баянауылда Мәшһүр Жүсіп мұражайының конференц-залы ашылды

Баянауылда Мәшһүр Жүсіп мұражайының конференц-залы ашылды

Бүгін Баянауыл ауданының Ескелді шатқалында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мемориалдық мұражайының жаңа конференц-залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, ұлы ойшылдың ұрпақтары, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Өңір басшысы бұл іс-шараның облыстың рухани және мәдени өмірі үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.
- Мәшһүр Жүсіптің тағылымды мұрасы - жастар үшін адамгершілік пен руханияттың ұлы мектебі. Оның қалдырған еңбектері мен өмір жолы - біздің мәдениетіміздің алтын қоры, жаңа буын үшін үлгі. Бұл конференц-залды ашу арқылы біз рухани құндылықтарды нығайтуға, тәрбиеге және ағартушылыққа бағытталған идеялар жарыққа шығатын кеңістік құрып отырмыз, - деп атап өтті өңір басшысы.

Ауданы 220 шаршы метрден асатын жаңа зал заманауи жабдықтармен жабдықталған және ғылыми конференциялар, дәрістер мен мәдени-ағарту іс-шараларын өткізуге арналған. Ол Мәшһүр Жүсіптің мұрасын сақтаушы ретінде ғана емес, сонымен қатар аймақтың рухани және зияткерлік өмірінің орталығы ретінде мұражайдың рөлін күшейте отырып, мемориалдық кешеннің ажырамас бөлігіне айналды.

Ашылу салтанаты аясында «Мәшһүр Жүсіп және ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, ақынның рухани және педагогикалық мұрасы талқыланды. Жиналғандардың алдында ұлы ойшылдың немересі Қажымұқан Пазылов, ардагер Қорабай Шәкіров, мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев, Қазақстан жазушылар Одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай сөз сөйледі.

Мәшһүр Жүсіп кесенесі - бұл тарих пен сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден ғұламаның басына тәу етіп, дұға жасауға келетін рухани орын. Ақын, ойшыл-гуманист, фольклорист және дін қайраткерінің есімі қазақ мәдениетінің тарихында ерекше орын алады. Оның рухани мұрасы замандастары мен болашақ ұрпақты рухтандырып, ізгілік жолына бағдар беруін жалғастыруда.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев