Көптен күткен қуаныш: Тілектес ауылында жаңа мектеп ашылды

Көптен күткен қуаныш: Тілектес ауылында жаңа мектеп ашылды

Бүгін Аққулы ауданының Тілектес ауылында көптен күткен іс-шара өтті. Ауыл тұрғындары ондаған жылдар бойы күткен 90 орындық жаңа заманауи мектеп ашылды.

Бүгінгі күнге дейін оқушылар 1972 жылы қамыстан салынған бейімделген ғимаратта оқып келді. Суық сыныптар мен шектеулі оқу жағдайлары ауыл тұрғындарының шағымдарына себеп болды.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың жұмыс сапарымен Тілектес ауылына келіп, ауыл тұрғындарымен кездесуі оң өзгерістерге түрткі болды. Адамдар жыл сайын уәде беріліп, мәселенің көпжылдан бері шешілмей келе жатқанын ашық айтты.

Ауыл тұрғындарының өтініштерін тыңдағаннан кейін, әкім Тілектесте жаңа ғимарат салынатынын айтты.

- Біз сіздердің өтініштеріңізді назардан тыс қалдыра алмадық. Мектеп - білім ошағы ғана емес, ауылдың айнасы. Мәселенің шешімін табуда, инвестор іздеуде көптеген талқылаулар болды. Шыдамдылықтарыңыз үшін рахмет. Бүгін оқу жылын жайлы ғимаратта бастайтын балалардың қуанышын көргеніме қуаныштымын. Жаңа білім ордасынан дарынды түлектердің бірнеше буыны шығатынына сенімдімін, - деді Асайын Байханов.

Жаңа жалпы білім беретін мектепте 14 оқу кабинеті, мәжіліс және спорт залдары, асхана, медициналық кабинет және психолог кабинеті бар. Аумағында футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, жүгіру жолы жабдықталған. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін шағын орталық қарастырылған.

Құны 1 млрд теңгеге жуық жоба инвестордың қаражаты есебінен іске асырылды. Сондай-ақ, мердігер ұйым балаларға мектеп формасын сыйға тартты.

Ашылу салтанаты ерекше толғаныспен өтті. Мектептің символдық кілті директор мен оқушыларға табысталды. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, әжелер шашуларын шашты.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев