Бүгін Ертіс ауданының Бұланбай ауылында жаңа мектеп ашылды

Бүгін Ертіс ауданының Бұланбай ауылында жаңа мектеп ашылды

Осы жылдың қаңтар айында өңірдегі жалғыз бейімделген ғимаратта орналасқан ауыл мектебі қысқа тұйықталу салдарынан толығымен өртеніп кеткен болатын. Ауданы 153 шаршы метр болатын 2010 жылы салынған бір қабатты ғимарат қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Білім беру ошағының өртке орануы жергілікті тұрғындар үшін ауыр тиді.

Облыс әкімі Асайын Байханов тұрғындарды мектептің ашылуымен құттықтап, шыдамдылық танытқандары үшін алғысын айтты және жаңа білім ордасы тек оқу орны ғана емес, ауылдың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

- Қыста ауылдағы жалғыз мектептеріңіз өртеніп кетті. Біз мұнда жаңа мектеп салуға уәде беріп, уәдемізді орындадық. Мектеп бар жерде өмір бар. Бүгін жаңа білім ошағының есігі балалар мен тәрбиешілер үшін айқара ашылды. Бұланбай өсіп, өркендей берсін, - деді өңір басшысы.

Мектептің жалпы ауданы - 241,1 ш.м. Мектепте 6 оқу кабинеті, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мектепалды даярлық, компьютерлік сынып, спорт және мәжіліс залы, асхана орналасқан.

Бүгінгі таңда мұнда 20 бала білім алады: 1-4 сыныптарда 5 оқушы және 5-9 сыныптарда 15 оқушы. Білім беру үдерісін 11 педагог қамтамасыз етеді.

Мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың 1 шілдесінде бастап, 26 тамызда аяқтады. Екі айдың ішінде ғимарат салынып, жаңа оқу жылының басталуына толықтай дайындалды.

Ауыл тұрғындары жаңа мектеп үшін жүрек жарды алғыстарын білдірді.

- Мектеп өртеніп кеткенде, бәріміз ауылдың болашағына алаңдадық. Өйткені, ауылдың болашағы тікелей мектепке байланысты. Біз үшін мектеп - ауылдың жүрегі. Адамдар балалары көрші ауылдарға кетуге мәжбүр болама деп қорықты. Әкім жаңа мектеп салуға уәде беріп, сөзінде тұрды. Бүгін балалар жаңа сыныптарға кіріп, көңіліміз жайланды, - дейді көпбалалы ана Бекзат Қымбат.

- Бұрын біз ескі ғимаратта, тар сыныптарда оқыдық. Қазір бізде әдемі сыныптар, спортзал және компьютерлер бар. Бұл жақсы оқуға одан әрі шабыт береді, - деп 9 сынып оқушысы Кәусар Жұмабай өз әсерімен бөлісті.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев